Түркістан облысында «Қар барысы» атанған альпинист тұрады
Түркістан облысында өңірдегі ең биік шыңдарды бағындырған альпинист тұрады, деп хабарлайды 24KZ.
Былайғы жұрт оны «Қар барасы» деп атап кеткен. Асқар таудың өзі оның қасында аласа болып көрінетін бұл азамат кім? Ол бұл мамандыққа қалай келді?
Жасы 70-ке келген Шамиль Рафиков күнгей өңірдегі барлық шыңға шыққан. Олардың ішіндегі ең биігі – Төлеби ауданындағы Сайрам шыңы. Биіктігі – 4238 метр. Ол бұл биіктікті 30 рет бағындырған. Оның тауға құштарлығы 17 жасынан басталыпты. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқуға түскенде альпинизм секциясының барын естиді. Бірден жазылып, альпинист болуды армандайды. Ал өз мамандығымен небәрі 3 жыл жұмыс істейді.
Шамиль Рафиков, ардагер альпинист:
- Мамандығым инженер-құрылысшы болса да, тауға өрмелеуге құмар болдым. Студент кезімде лагерьде қосымша жұмыс істедім. Биік шың-құздарға деген қызығушылығым басылмады. Шынымды айтайын, мені құрылыс алаңы мүлде қызықтырған жоқ. 4 курсты аяқтап жатқанда 4-ші санатты біліктілікті меңгерген едім. Бірақ соның бәрін тастап, альпинистік жолды таңдадым. Оған еш өкінген емеспін.
80-ші жылдары Шамиль Рафиков кәсіпқой альпинист ретінде халықаралық жарыстарға қатысып, жеңімпаз болады. Сол кезден бастап ол алыс-жақын шетелдегі бірнеше шыңды еңсерді. Олардың қатарында Тянь-Шань тауындағы Коммунизм шыңы мен Қырғыз Алатауындағы Аламедин шыңы бар. Ол шыққан Коммунизм шыңының биіктігі – 7495 метр. Сол үшін де Шамильді оңтүстік альпинистері «Қар барысы» атап кеткен.
Шамиль Рафиков, ардагер альпинист:
- Алматы облысындағы шыңдар өте биік. Ал Сайрам-Су шатқалын бағындыру альпинистер үшін тым қиын. Өйткені мұнда тік жартастар көп. Тауға өрмелеушілер альпинизм саласындағы ең күрделі санатты осында орындады. Тіпті мұндағы шыңдарға шығып, спорт шебері атағына қол жеткізуге болады. Алматы облысының таулар жаз мезігілінде де салқын болса, мұнда жазда ауа райы тауға шығуға өте қолайлы болады.
Шамильдің айтуынша, бұрын қауіпті де қызық салаға қызығушылар аз болыпты. Қазір қаланың қым-қуыт тірішілігінен қашып, табиғат аясына келушілер көбейген. Демалып қана қоймай, дені тауға шыққанды ұнатады. Бүгінде «Қар барысының» соңынан жас альпинистер еріп келеді.
Тарас Моисеев, «Оңтүстік-альпинизм» альпинистер федерациясының президенті:
- Бұл кісі осы аймақтағы бүкіл альпинистердің ұстазы десек болады. Аңыз адам. Ес білгелі тау-тасты аралап, тауда өмір сүріп келе жатыр. Тауға шықпаса, ауырып қалады. Жасының ұлғайғанына қарамастан әлі күнге дейін жастармен бірге биік шыңдарға өрмелейді. Енді өмір бойы жинаған бай тәжірибесін осы өңірдегі жас альпинистерге үйретіп жүр.
Қазір тәжірибелі альпинист шәкірт дайындап жүр. Олардың ең кішкентайы – 8-10 жастағы мектеп оқушылары. Шамиль Рафиков шәкірттерінің арасынан ең кемі 15-20 баланың альпинист боларына сенеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.