ДКО. Мажарстаннан 50-ге жуық спортшы келді

Санаулы күндерден соң Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады.

Дүбірлі додаға, шет елдерден қатысатын спортшылар осы күндері дайындығын пысықтап жатыр. Әсіресе, түбі бір, түркі жұртының өкілдері, бұл сайысты асыға күтуде. Солардың бірі – Еуропадағы туыстас жұрт Мажарлар.

Қазақтар – ең шығыс мажарлар, ал мажарлар – ең батыс қазақтар. Екі елдің қарым-қатынасын бір сөзбен өздері осылай түсіндіреді. Содан болар, алыстағы ағайын, елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді қатысуға бел буып отыр. Спортшылар сайысқа сақадай сай.

Габор Хагио, балуан:

- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін дайындықты бастап кеттік. Спорттағы серіктесім Андрас Биро хабарласып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына баратын спортшыларды жасақтадық. Мақсатымыз, жүлделі орын алу. Әрине, бізден де мықты балуандар бар шығар. Дегенмен, біз де осал емеспіз. Астанада өтетін спорттық сайысқа дайынбыз.

Мажарстаннан шамамен 50-ден астам спортшы қатысады. Ел спортшыларын Венгрияның Кобёре және дәстүрлі спорт қауымдастығы бастап алып келеді. Ұйым басшысының айтуынша, халықаралық жарысқа қатысу үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Мұны көшпенді әрі түркі тілдес мажарлар жақсы түсінеді.

Биро Андрас Жолт, Мажар-Тұран қорының президенті:

- Атажұрттағы спорттық сайысқа қатысу біз үшін мәртебе және жауапкершілік. Өйткені, әлемдегі ең үлкен дәстүрлі ойында халқымызды танытамыз. Біздің бірлестікке 70-тен астам команда кіреді. Бұған дейін Қазақстанның Астана қаласында көптеген іс-шараларға қатыстық. Қазақстандық спортшылармен, достық әрі әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Оның үстіне Мажар-Тұран қоры бұл іс-шараның бастауында қырғыздармен бірге үлкен жұмыс атқарды. Бұл жолғы дода бұған дейінгілерден кем түспейді деп ойлаймын.

Халықаралық шараға 1300-ге жуық ерікті тартылады. Олар 16 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Волонтерлер маусым айынан бастап, арнайы оқудан өткенін айта кеткен жөн. Қазір дайындықтың үшінші кезеңі жүріп жатыр.

Меруерт Қанағат, 24.KZ