Теңге ілу федерациясының уәдесі, хоккейшілердің жеңілісі және спорт заңы
Бүгін Испанияның Понтеведре қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты басталды.
Аталған турнирдің басты фавориттері қатарында қазақстандық Ризабек Айтмұхан да бар. Иә, ересектер арасында топ жарған балуан тағы да әлем біріншілігінің биігіне шыға ала ма? Испаниядағы әлем чемпионатында қазақ балуанына кімдер қарсы тұруы мүмкін?
Волейболшылар жартылай финалға өте алмады
Қазақстан параволейболшылары жартылай финалдан тыс қалды.
Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Мысырмен кездесті. Осыған дейін Францияны ұтып, Босния және Герцеговина құрамасына есе жіберген қос команда үшін бұл маңызды ойын болды. Себебі қай жеңгені жартылай финалға жолдама алады.
Бірінші партияда қазақстандықтар 6:8 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіріп қана қоймай, алға шықты. Алайда мысырлықтар сет соңына таман күш алып, 25:21 есебімен жеңіске жетті. Екінші партия да мысырлықтардың пайдасына шешілді. Ал үшінші сетте жерлестеріміз есеп айырмасын қысқартты. Есеп 25 те 16. Төртінші партияда мысырлықтар қайта қарқын алып, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 3:1. Осылайша, Қазақстан пара волейболшылары жартылай финалға шыға алмай, жүлделі орындарға таласу мүмкіндігінен айырылды.
3 алтын аламыз
Теңге ілуден екі халықаралық жарыс өткіздік. Екеуінде де біздің спортшылар тұғырдың алғашқы сатысынан көрінді. Көшпенділер ойындарында осы нәтижені қайталап, 3 алтын аламыз. Республикалық теңге ілу федерациясының президенті Айбек Түркебаев осылай деді.
Теңге ілуден спортшылар «қос құлаш», «бес белес», «жеті құт» стильдері бойынша бақ сынайды.
Байрақты бәсекеде ел намысын Бекнұр Серіков, Бақыт Төлтай және Рахат Қамбаров қорғайды. Қазір олар 3 оқу жаттығу жиынын аяқтады. Енді айтулы додаға дейін елордада 4-жаттығуды өткізуде.
Айта кетейік теңге ілу сайысы 12-13 қыркүйек күндері этноауыл кешенінде өтеді.
Олимпиада жолдамасынан тыс қалды
Қазақстан олимпиада жолдамасынан тыс қалды.
Шайбалы хоккейден жерлестеріміз финалдық олимпиадалық іріктеу кезеңінде Словакиямен шешуші ойын өткізді. Кездесу басынан словакиялық хоккейшілер жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде олардың қатарынан Роберт Лантоши 4-ші, Павол Регенда 12-минутта шайба соғып кетті.
Екінші кезеңде де словакиялықтар мергендік танытты. Ойынның 35-минутында қазақстандық Никита Михайлис есеп айырмасын қысқартты. Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 1:3 есебімен жеңіліп, Олимпиада жолдамасынан тыс қалды.
Алғашқы екі турда аталған құрамалар ұпайдан шашау шығарған жоқ. Қазақстандық хоккейшілер Венгрияны 5:2, Австрияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетейік, Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиадада 1998, 2006 жылдары бақ сынауға мүмкіндік алды. 1998 жылы жалпы командалық есепте сегізінші орынға тұрақтады. 2006 жылы топтық кезеңде бесінші орынды қанағат тұтып, жарысты жалғастырудан тыс қалды. Ал 2002, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдарда іріктеу кезеңінен аса алған жоқ.
Президент: Спорт саласындағы заңнама жаңартылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында спорт саласындағы заңнаманы жаңартуды тапсырды.
Президент аталған заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беретінін айтты. «Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын.
Туризм және спорт министрі тағайындалды
Тағы бір еске салайық. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Мырзабосынов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды.
Ербол Мырзабосынов 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Ол бұған дейін әр жылдары «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры, Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Ал Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі лауазымынан 31 тамыз күні босатылған болатын.
Әлішер Әли, 24.KZ