ДКО-ға дайындық. Немістер 3D нысанамен жаттығып жүр

Мына тұрған қоңыр аюдың күре тамырына дәл тигізген Германия мергендері.

Біз Берлиннен 500 шақырым жердегі Эрда жаттығу алаңында жүрміз. Бұл аймақтан арқар, бұғыдан бастап кішігірім кеміргіштерге дейін бәрін табуға болады. 3D пішініндегі 30 нысана, 3 шақырым соқпақтан тұратын жаттығу орны АҚШ аңшыларының машық алаңына ұқсатып жасалған. Осында он жылдан бері садақ атумен айналысып келе жатқан Штефани Берендт Қырғызстандағы көшпенділер ойынынан бір алтын, бір қола медаль қанжығалаған. Ендігі мақсаты – осы жетістігін Астанадағы жарыста жақсарта түсу. Нысанаға дәл тигізу үшін мергеннің жүрек тыныштығы мен білек күші үйлесімде болу керек дейді.

Штефани Берендт, Германия мергендер командасының мүшесі:

- Германиядағы дәстүрлі садақ атуда ойыңның бір арнаға тоғысуы аса маңызды деп үйретіледі. Себебі бізде бір нысанадан екінші нысанаға барып жүріп, сапарлатып жарысасың. Ауа райы, желдің бағыты, күннің ыстығы сынды факторларды есепке аласың. Өміріңдегі өзге мәселелерді автоматты түрде ұмытып, салқынқандылықпен іске кірісесің. Физикалық күш пен психологиялық ахуал бірдей бақылауда болу керек.

Алдағы сайыста Германия сапында Штефанимен қатар Верина мен Майке есімді мергендер бақ сынасады. Үшеуі де негізінен мектеп мұғалімі. Бұл елде дәстүрлі спорт түрлері мемлекеттен қаржылай қолдау таппағандықтан, спортшылар көбіне хобби ретінде айналысады. Мысалы Верина Хохофф мектептегі директорлық қызметімен қатар, садақ жасау өнерімен шұғылданады. Садақтың сапалы сыр-cипаты жеңістің жартысына тең деп кәсіби құпиясымен бөлісті.

Верина Хохофф, Германия мергендер командасының мүшесі:

- Cадақтың жебе өтетін бөлігінің екі жағы тең болуы керек. Иілгіштігі, сапасы, қаттылығы сәл артық болса, құралдың сапасына сын келеді. Әдетте садақты теңестіргіш аспапқа қойып, екі күндей теңшеп, асқан ыждаһаттылықпен жасайды. Шикізат ретінде қарағашты пайдаланады.

Жыл мезгіліне қарамастан апта сайын осында жаттығатын садақшылар Түркия мен Венгрия мергендерін басты қарсылас санайды. Қандай орын алсақ та, кәсіби түрде дамып, түрлі өркениет өкілдері жайлы көп ақпарат алып қайтуды мақсат етеміз дейді.

Майке Штамер, Германия мергендер командасының мүшесі:

- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға мүмкіндік алғаным үшін өте қуаныштымын. Себебі, жарыс алаңында түрлі шетелдік спортшыларды көріп, тәжірибе алмасуға болады. Өзге мәдениеттер жайлы көп дүние үйренеміз. Бұл мен үшін өте қызық.

Верина Хохофф, Германия мергендер командасының мүшесі:

- Өткен көшпенділер ойынында Қырғызстан жайлы біраз ақпарат алдық. Бұл жолы Қазақстан туралы біліп қайтқымыз келеді. Жарыс өтетін жер Астанаға жақын деп естідік. Бос уақытымызда қаланы аралап, ұлттық тағамнан дәм ауыз тисек дейміз. Бұл сапар Қазақстанды тану үшін тамаша мүмкіндік болғалы тұр.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тарихында Германия дәл осы садақ атудан ғана жүлде алған. Биыл да құр алақан қайтқысы келмейді. Ендігі жоспар қарсыластарды тереңірек зерттеп, жарысқа қажетті стратегия құру болмақ.

Ердана Ержанұлы, Павел Рубан, 24.KZ, Германия, Эрда