Олимпиада жүлдегерлері грант иегерлері атанды
Қазақстандық палуандар әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгілер арасындағы біріншілікте ел қоржынына екі медаль түсті. Грек-рим күресінен 55 келіде сынға түскен Айбек Айтбеков өз салмағында үздік үштікке енді. Айбек кіші финалда молдовалық Максим Сармановты 10:1 есебімен жеңді. Ал 87 келі салмақта сынға түскен Темірлан Тұрдақын армениялық Рубен Геворгяннан айласын асырды.
Паралимпиада финалына шыға алмады
Кеше жарыс жолына шыққан параспортшылардың жолы болмады.
50 метрге шалқалай жүзуден бақ сынаған жерлесіміз Сиязбек Далиев оныншы орынға тұрақтап, сегіз үздіктің қатарына қосыла алмады.
Сондай-ақ 200 метр кешенді жузуден сынға түскен Нұрдәулет Жұмағали финалдан тыс қалды. Алайда қос спортшымыз да резервте болады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алған болатын. Дүбірлі дода 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Алда әлі жарыс жолына шықпаған дзюдошыларымыз бар.
Грантқа ие болды
Олимпиадада жүлде алған үш спортшы Қазақ спорт және туризм академиясында тегін білім алады.
Алматыдағы білім ордасының президенті Қайрат Закирьянов Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыстады. Рәсім бірінші курс студенттерін қабылдау аясында болды.
Олимпиада жүлдегерлері білім алушылармен жолығып, ізбасарларына ақыл-кеңестерін айтты. Ерекше атап өтер жайт, Париж Олимпиадасында ел қоржынына түскен жеті медальдің бесеуін Қазақ спорт және туризм академиясының түлектері иеленген.
Қайрат Закирьянов, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті:
- Биыл Қазақ спорт және туризм академиясына мыңнан аса студент қабылданды. Олардың арасында бокстан әлем чемпионы Қасымбек Толғанай, таеквондодан әлем чемпионы Сүндетбай Айдана, каратэден әлем чемпионы Сырым Айбек, джиу-джитсу және грэпплингтен әлемнің 8 дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова және басқа да жас спортшылар бар. Осы спортшыларымыз 4 жылдан кейінгі айтулы додада көк туымызды көкте желбіретеді деген үміттеміз.
Ештеңе нақты емес
Салмағымды уақытша ауыстырдым. Тек белгілі бір жарыстарда ғана 66 келіде күресемін деп шештім. Бірақ нақты шешім қабылдаған жоқпын.
Дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионы, Тбилисидегі Grand Slam турнирінің жеңімпазы Нұрқанат Серікбаев салмақ ауыстыруға қатысты өз ойын білдірді. Татами шебері 60 келіден түбегейлі кетіп қалдым деп айтпаймын. Әлі белгісіз. Уақыт өте келе көрерміз деді.
Айта кетейік Серікбаев бұған дейін 60 келі салмақта олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің басты бәсекелесі болды. Қазір Нұрқанат қазан айында Загребте өтетін Гран-при турниріне дайындалып жатыр.
Гран-приге дайындық
Әбужақынова Әбу-Дабиде, Тынбаева Загребте күреседі.
Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев татами шеберлерінің алдағы жоспарларымен бөлісті. Құрама бапкері: «Әбибаның Қазақстан чемпионатына күресу, күреспеуі белгісіз. Жыл соңына қарай, қазанда өтетін Әбу-Дабидегі Grand Slam турниріне қатысады. Ал Ғалия Хорватияның Загреб қаласында өтетін Гран-при турниріне дайындалып жатыр», - деді.
Сондай-ақ Тынбаеваны 14-20 қазан аралығында Ташкентте өтетін әскери қызметкерлер арасындағы әлем біріншілігіне жіберетінін айтты.
Айта кетелік, Загребтегі Гран-при турнирі 13-15 қыркүйекте, Ал Әбу-Дабидегі Grand Slam додасы 11-13 қазанда, Токиодағы Grand Slam бәсекесі 7-8 желтоқсанда өтеді.
Бүгінде дзюдодан Қазақстан әйелдер командасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Бас бапкер қызметінен кетті
«Қайрат» бапкерсіз қалды. Ресейлік маман Александр Кержаков алматылық клубтың бас бапкері қызметінен кетті.
Команданың баспасөз қызметі келісімшарт екі тараптың өзара келісімі бойынша бұзылғанын хабарлады.
Кержаков «Қайрат» командасына мамыр айының соңында келді. Оның жетекшілігімен команда он екі матч өткізіп, алтауында жеңіске жетті. Сондай-ақ 3 рет тең түсіп, 3 рет қарсыластарына есе жіберді.
Айта кетейік, бапкер санкт-петерборлық «Зениттің» және Ресей құрамасының тарихындағы үздік сұрмергені атанған.
Әлішер Әли, 24.KZ