Көшпенділер ойындарына қатысушылар мен жанкүйерлерді арнайы автобустар тасымалдайды
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қатысушылар мен жанкүйерлерді арнайы автобус тасымалдайды.
Халықаралық деңгейдегі іс-шараға 89 елден 2500-ге жуық адам келмек.
Ал дүбірлі доданы көрем деушілердің қатары онсыз да көп. Енді арнайы автобустар қандай тәртіппен және қай уақыттарда жүреді?
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 2-ақ күн қалды. Елордада дайындық қызу жүріп жатыр. Арнайы этноауылдар ашылды. Мұнда 100-ден астам мәдени іс-шара өтпек. Сондықтан қала қонақтары және тұрғындар спорттық нысандарға өзінің жеке көлігімен қатынай алмайды. Есесіне олар үшін арнайы автобустар бөлінді.
Мадияр Тұқпатов, Астана қалалық №1 автобус паркінің басқарма төрағасы:
- 93 автобус ол тек қана қатысушыларға, спортсмендерге. Олардың қонақ үйге тоқтайтын өзінің аялдамалары бар. Ал енді көрермендерге 200-300-ден астам автобус жұмылдырылады.
Бұл – кәдімгі қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер. Тек бірнеше автобус бағдарына шағын өзгеріс енгізіліп, арнайы автотұрақ бөлінді. Сол жерден жанкүйерлер ойын болатын жерге қиындықсыз жете алады.
Бағдат Атымтай, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелер басқармасының бөлім басшысы:
- Арнайы бөлінген үш автотұрақтан «Астана арена», Бас мешіт және ЭКСПО аумағынан арнайы түрде күнде сағат таңертең 10-нан кешкі 8-ге дейін жүретін болады.
Бұл қаладағы 18, 37, 303, 323-ші нөмірлі автобустар. 16 қыркүйекке дейін олардың қозғалыс бағыты өзгерді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын көрем деушілер үшін бұл автобуспен қатынау – тегін. Ойынға кіретін билетіңізді көрсетсеңіз болғаны. Және елорда тұрғындары өзінің қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап алғаны жөн.