Испаниялықтар көшпенділер ойындарында 7 түрлі спорттан бақ сынайды
Испания Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 7 түрлі спорттан бақ сынайды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл алғаш рет қатысқалы жатқан делегация асық, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, садақ ату, құсбегілік, зілтемір сайыстарында жүлдеге таласады. Пиреней түбегінің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылардың дайындығын Кәрі құрлықтағы меншікті тілшіміз Ердана Ержанұлы көріп қайтты.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Мадридтегі «Casa Kazaja» – «Қазақ үйі» орталығында тоғызқұмалақтың дауысын жиі естуге болады. Аталған ұйым жетекшісі Жанат Нұрбаева мұнда жергілікті халыққа тоғызқұмалақ үйретеді. Үкілеген үмітінің бірі – Сара Меринеро. Жарты жылдан бері белсенді дайындықта жүрген ол Астанадағы Көшпенділер ойындарына дәл осы сыннан қатысатын тұңғыш испаниялық болғалы тұр.
Сара Гонзалес Меринеро, тоғызқұмалақшы:
- Испанияда тоғызқұмалақ жайлы білетіндер көп емес. Ойын санын ұлғайту үшін, ойыншылар санын да арттыруды көздедім. Үйдегі анама, достарыма, жігітіме (серігіме), туысқандарыма үйретіп қойғанмын. Сосын cайт арқылы онлайн ойнап та жаттығып жүрмін.
Құлағымызды елең еткізген тағы бір команда – испаниялық құсбегілер тобы. Астанаға бара жатқан алты жігіт араб шейхтерімен аң аулап, қоян қолтық жұмыс істейді. Тіпті ұшақ қызметіне кедергі келтіретін құстарды үркітіп, кәсіби түрде әуежай қорумен айналысады. Енді алғаш рет көшпенділер ойындарында бақ сынап көрмек.
Луис Гихарро, құсбегі:
- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына құсбегілік бойынша қатысу мен үшін зор қуаныш. 20 жыл бұрын хобби ретінде бастап, қазір кәсібіме айналдырғам. Алдағы сайыста құс салудың испаниялық дәстүрін көрсетіп, өзге елдердің төл ерекшелігін үйренгім келеді.
26 адамнан тұратын команданы 26 жылдан бері Испанияда тұратын педагог Жанат Нұрбаева ұйымдастырған. Ең егде жастағы қатысушы 67-де болса, ең жасы 21-де. «Байрақты бәсекеде бірінші рет бақ сынағалы жатсақ та, қанжығамыз бос қайтпайтынына сенімдімін», - дейді Мадридтегі жерлесіміз.
Жанат Нұрбаева, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы испаниялық делегация жетекшісі:
- Мықты-мықты спортшыларды алып бара жатырмын. Ішінде Еуропа мен Испания чемпиондары бар. Енді жоспарлап қойдық бес медаль әкелеміз бе деп. Енді Испания командасы бірінші рет қатысайын деп отыр көшпенділер ойынына. Өте қызығып, Қазақстанды көреміз деген жағдаймен барайын деп жатырмыз.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары төл спортымызды шетелде дәріптеуге тың серпін берген. Оған Мадридтегі «Қазақ үйі» де мұрындық болып отыр. Алда испан университеттерінде тоғызқұмалақ пен асық ату клубтарын ашу жолға қойылмақ.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан