Мажар жастары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады

Қазақтың ұлттық спорт ойындарына машықтанып алған мажар жастары да Астанаға табан тіреді, деп хабарлайды 24KZ.

Олар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында «асық ату», «тоғызқұмалақтан» бақтарын сынап, жүзден жүйрік шығуға үмітті. 8 студенттен жасақталған команданы жерлесіміз Жанаргүл Бақтыгерейқызы дайындаған. Будапештте тұратын қандасымыз жақында «Мажар-қазақ» мәдени ұйымын ашып, шетелдіктерге қазақтың мәдениеті мен дәстүрін кеңінен насихаттап жүр. Жастардан құралған мажарстандық командада кәсіби спортшы жоқ, бәрі әуесқой. Десе де олар дүбірлі додада жеңіске жетуге үмітті.

Марта Дигнер, спортшы:

- Асық ату бойынша жарысқа қатыспақпын. Атажұрттың топырағын көру – үлкен бақыт. Жарыста жүлделі орынға ілігемін деп ойлайм. Себебі мен бұған жан-тәніммен дайындалдым.

Атилла Ваш, спортшы:

- Жүздеген жылдардан соң бабалардың ізі қалған топырақта сайысқа түсу – мен үшін үлкен қуаныш. Әрине, жарыстан жүлде алу – басты мақсатымыз. Қазақ жерінде бауырларыммен жүздесу бақыты бұйырды.