V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына дайындық қызу жүргізілуде
V Дүниежүзілік көшпенділер ойының ресми ашылуына бірер сағат қалды, деп хабарлайды 24kz.
Қазір сахна сыртындағы дайындық қызу жүргізілуде. Ұлттық спорт ұлықталатын дүбірлі додада дәстүрлі өнер де ұмыт қалмайды. Ашылу салтанатына түркі елдері таңдаулы әртістерін арнайы жіберіп, сахнаның сәнін кіргізбекші. Салтанатты шараға дайындық қалай? Шетелдік өнерпаздар көрермендерге қандай сый әзірлеп отыр?
Бекзат Аманов, тілші:
- Этно стильдегі «Астана Арена» стадионы. Дәл осы жерде V Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Қазір дайындықтың соңғы кезеңі өтуде. Ұйымдастырушылар таңғажайып шоуларды уәде етіп отыр. Одан бөлек, бүгінгі салтанатты шараға өзге мемлекеттерден де көптеген әртістер жиналған.
Ауылы аралас, тарихы тамырлас түркі жұрты Көшпенділер ойындарына ерекше ықыласпен қарайды. Астанадағы ашылу салтанатына шетелден 50-ден аса өнерпаз келді. Олар елордаға айдың басында табан тіреген. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», дейді. Арнамыздың түсірілім тобына сахна сыртына өтіп, көрерменге көрінбейтін қызықпен қанығу мүмкіндігі туды.
Бұл – Өзбекстаннан келген Зухра мен Фатима. Егіз қыздар түрлі халықаралық аренаны мойындатып, талай байқауда жеңімпаз атанды. Енді өздерінің үздік нөмірлерін Астанаға әкелді. Өзбек жұртының мың бұралған бишілері бүгінгі шараға тас-түйін дайын екенін айтады.
Фатима Нарзуллаева, биші:
- Ұлттық құндылықтарымызды жаһанға би арқылы таныстырғымыз келеді. Жастар стилінде болады. Барлығы 16 биші өнер көрсетеді. Соңында ұлттық тағамымыз палауды да шығарамыз. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мін жоқ. Астана қаласы да қатты ұнады. Бізді жылы қарсы алды.
Қырғызстаннан келген өнер ұжымы да құр алақан емес. Олар ұлттық аспабын ұлықтау үшін келді. Сахнаға 16 әртіс шығады. Өз туындыларында бірлік, татулық тақырыбын да қаузайды.
Ал Татарстаннан келген өнерпаздар махаббат тақырыбын сомдамақ. Ансамбль Татар қызының қылығы мен жігіттердің жігерін көрсетпекші. Бишілер ұлттық киім киіп, әшекейлерін тағады. Осылайша, көңілді би арқылы ұлттық дәстүр мен ділін танытады.
Айрат Хаметов, Татарстан Республикасы мемлекеттік ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
- Қазақстанда өтіп жатқан ұлан асыр тойға келдік. Қуанышымызда шек жоқ. Көшпенділер ойындарының арқасында өзге де мемлекеттердегі ескі достарымызбен көрісіп жатырмыз. Біз тыңғылықты дайындалдық, Ұлттық биімізді қалың көрерменге паш етеміз. Біздің ансамбльде жүзден аса өнерпаз бар. Соның жиырмаға жуығы келді.
Ал ашылу салтанатында барлығы 3 мыңнан аса өнерпаз болады. Кеш соңында Димаш Құдайберген ән айтады деп күтілуде. Одан бөлек, тайқазанға бұлақ суы құйылып, қатысушылар керуенге бөлініп, салтанат құрады.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Ділмұрат Сейдаханов