Зарина Раифова – Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері

Көкбөріден 5-ші Дүниежүзілік ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың қарсыластары белгілі болды.

Қазақстан құрамасы А тобында Түркия, АҚШ командаларымен сынға түседі. Ал В тобында Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елдері бар.

Иә, жерлестеріміз алғашқы ойынын бүгін Америкалық ковбойларға қарсы өткізеді. В тобынын алғашқы ойыны болса қырғыз пен өзбек арасында өтеді.

Жамбы атудың мажар түрінен Франция топ жарды

Алғашқы алтын Франция еншісінде. Көшпенділер ойындарының бірінші жарыс күнінде спортшылар жамбы ату спортының мажар стилі бойынша сынға түсті. 27 мемлекеттен келген 78 мерген 11 топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Сайыс нәтижесі бойынша Франция құрамасының спортшысы Рафаэль Малет нысанадан мүлт кетпей, жарыс жеңімпазы атанды. Ал тұғырдың екінші сатысына Моңғолиялық жамбы ату шебері көтерілді. Қола жүлде тағы бір Франциялыққа бұйырды. Ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұрлыбеков болса үздік бестіктің қатарынан көрінді. Енді спортшылар айтулы додада азия, түрік, қазақ стильдері бойынша бақ сынайды.

Зарина Раифова – Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері

Паралимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Пара дзюдодан әйелдер арасында 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде J2 класында сынға түскен Зарина Раифова қола жүлдеге қол жеткізді. Үшінші орын үшін белдесуде жерлесіміз итальяндық Каролина Костадан басым түсті. Раифова ширек финалда қытайлық Ванға есе жіберген болатын. Сөйтіп жұбаныш белдесуіне жолдама алып, онда австралиялық Тейлор Госенсті иппонмен жеңді. Осылайша, Қазақстан құрамасының медальдар саны 10-ға жетті.

Р. Айтмұхан жастар арасында әлем чемпионы атанды

Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанды. Еркін күрестен Испанияның Понтеведра қаласында 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем біріншілігінде жерлесіміз тарихи жүлде жеңіп алды. 97 келіде сынға түскен Ризабек финалда әзербайжандық Хетаг Карсановпен белдесті. Ересектер арасындағы әлем чемпионы саналатын қазақстандық боз кілем шебері қарсыласын мерзімінен бұрын 10:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ финалға дейінгі барлық қарсыласын да айқын басымдықпен ұтқан болатын. Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен жастар және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарған алғашқы қазақстандық балуан.

Футзал: Қазақстан Аргентинадан басым түсті

Қазақстан Аргентинадан басым түсті. Алматы қаласында футзалдан қос құрама арасында жолдастық кездесу өтті. Кездесу барысында ел сапынан Дәурен Тұрсағұлов 7-ші, Ақжол Дәрібай 10-шы, ал Арнольд Кнауб 16-шы минутта гол соқты. Оған екінші кезеңде аргентиналық футзалшылар екі голмен жауап қайырды. Осылайша ел құрамасы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Тәжікстан құрамасымен екі мәрте жолдастық кездесу өткізіп, 4:3, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін Иран құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, екінші кездесуде 1:1 есебімен тең түсті. Еске сала кетейік, 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда әлем біріншілігі өтеді. Байрақты бәсекеде ел құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады.