Көшпенділер ойындары: тоғызқұмалақ сайысы басталды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында тоғызқұмалақтан сайыс басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Оның үстіне бұл дода біздегі тоғызқұмалақ күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Байрақты бәсекеге қатысушылардың қарасы қалың. Шекара асып, Астанаға арнайы ат басын тірегендер де бар.

Қыркүйектің 9-ы күні сағат 9-дан 9 минут өткенде тоғызқұмалақтан тартысты сайыс басталды. Тақтаға тоғыз тас тасталды. Бұл – ұлттық ойынымыз ұлықталып, құндылықтарамыз жаһан жұртының жадында жаңғыратын күн. Себебі бүгінгі сайысқа шет мемлекеттерден келіп қатысып жатқан ойыншылар бар.

Сеф Бонти-Асамоа, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы:

- Көшпенділер мәдениеті мен тарихына қызыға қараймын. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу арқылы түркі халықтары туралы тереңірек білгім келеді. Мен бүгін тоғызқұмалақ сайысына қатыстым. Бізде де осы секілді спорт түрлері бар. Сол себепті сіздердің ойындарыңызды ойнау маған қиындық тудырмады.

Тақта бетіндегі тартысқа 40 елден 100-ден аса ойыншы қатысып жатыр. Олар жекелей және командалық есепте 3 орынды сарапқа салады. Тоғыз тастың шеберлері алдағы күндері Овари, Мангала сынды өзге де ойындардан өзара мықтыны анықтайды.

Бауыржан Төлегенов, тоғызқұмалақ ойынының бас төрешісі:

- 29 ел әйелдер қатысып жатқан, негізі ер адамдарда 41 ел. Біздерде жалпы бір елден 2 ер, 2 әйел адам ойнау керек, артық болмайды және жас шамасы 14-тен асқан болу керек. Жарыс 8 ойыннан тұрады. Бізде басқа спорттартағыдай сияқты финал, жартылай финал деген жоқ. Өзімізде жарыстың швейцар жүйесі деген жүйе бар. Ол әлемдік жүйе.

 

Тоғызқұмалақ тақтасы ғарышқа ұшырылды

Сондай-ақ бүгін төл ойынымыздың мерейін асырып, мәртебесін көтеру үшін түрлі шаралар өткізіледі. Мәселен, әлемнің әр бөлігінде 170 мыңнан аса адам тоғызқұмалақ ойнайды деген жоспар бар. Меже орындалса, ұлттық спортымыз Гиннестің рекордтар кітабына енеді.

Әлихан Бәймен, Дүниежүзілік және ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті:

- Тоғызқұмалақтың дамуына осы Дүниежүзілік көшпенділер ойынының осы Астанада өтуі де жаңа серпін берді. Осы жарысқа дайындық барысында біз ғарышқа тоғызқұмалақ тақтасын ұшырдық. Ол 35 шақырым жерге барып қайтты. Сонымен қатар онлайн режимде осы 3 күннің ішінде онлайн тіркеліп, Гиннес рекордын орнатуға шара бастағанбыз. Қазірдің өзінде 170 мыңнан астам адам соған тіркелді.

Осылайша, 4000 жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны түрткіл тарапқа тұтас танылады. Дүниежүзілік додадан кейін де ұлттық спортымыздың қолданысын кеңейту күн тәртібінен түспек емес.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мадияр Қындыбаев.