БҚО-да ұлттық спорт түрлеріне баулитын мамандандырылған орталықтар көбейді

Әсіресе өскелең ұрпақ садақ ату спортына әуес.

Азғантай уақытта оралдық өрендер жоғары нәтиже көрсетіп, ел чемпионатынан олжалы орала бастаған.

Садақты шірене тартып, жебені нысанаға дәл көздейтін оралдық өрендердің саны соңғы жылдары айтарлықтай артты. Дәл қазір дәстүрлі садақ атумен өңірде жүздеген бала айналысады. Қазақтың қанында бар спорт түрі ғой, аз уақытта осы өнердің қыр-сырын жіті меңгергендер аз емес. Мәселен он жастағы Қорлан Мақсот екі айда садақ атудан жоғары нәтиже көрсетіп, ел біріншілігінде жеңімпаз атаныпты.

Қорлан Мақсот, жас спортшы:
- Маған садақ атқан өте ұнайды. Мен ол үйірмені ешқашан тастағым келмейді. Менің садағымның аты Тақмарыс. Мен өзім Томирис сияқты атқым келеді. Мен дәстүрлі садақ атудан Қазақстан чемпионы болғым келеді. Намысымды қорғауым керек, сосын атпен шауып атуға үйренгім келеді.

Дәстүрлі садақ ату орталығын кәсіпкер Райымбек Қарипуллиев ашыпты. Бұрынғы таксопарктың қараусыз қалған ғимаратын жөндеп, қайта жабдықтапты. Мұнда кез келген тұрғын бос уақытында садақ ата алады. Сонымен қатар Райымбек шәкірт тәрбиелейді.

Райымбек Қарипуллиев, кәсіпкер:
- Осы садақ өнерін дамыту керек. Бұл садақ бала тәрбиесіне үлкен өзгеріс береді. Кейбір ата-аналар ризашылықтарын айтады. Үйден шықпайтын, телефон қарап отыратын балалар садаққа келгесін, садақтан шықпайды. Сондай баланың бұл жерде құмарлығын оятады да. Және бір ерекшелігі, дәстүрлі садақ ату болғасын дәстүрлі киім кию керек. Яғни балаға форма тіктірдік және ата-аналардың тіктірген киімдері бар. Яғни дәстүрлі киім киген балалар жаман қылықтарға бармайды.

Садақ ату спорты аудандарда да қанат жая бастады. Мәселен Бәйтерек ауданы Асан ауылындағы мына секцияға 60 шақты бала барады. Жас спортшылар аталған спорт түрінің адам денсаулығына пайдасы мол екенін айтады.

Ердәулет Амантай, жас спортшы:
- Садақ ату сабырлылық және шыдамдылық. Көздің көру координациясын және арқаны тіке ұстап жүру және де ішіңдегі бүкіл сезімді бір оқтың түбіне жинап атудың өзі үлкен өнер деп есептеймін. Арманым Қазақстан ұлттық құрамасына ену. Көшпенділер ойынының барлығын да үзбей қарауға тырысып жатырмын. Көбіне дәстүрлі садақ атудан Қанат Қасымхан деген бар. Сол кісіні қараймын және сәттілік тілеймін.

Дәл қазір дәстүрлі садақ ату спортына балаларды екі мамандандырылған орталықта баулиды. Келешекте қалада қосымша секциялар ашу жоспарланған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов