Құсбегілік федерациясының президенті төрешілермен кездесті
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құсбегілік спортынан өтетін сайысқа санаулы күндер қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған орай Республикалық Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли елордада төрешілердің қатысуымен жиын өткізді. Басқосуға жарыста қазылық ететін 10 маман қатысты. Алдағы сайыстарда Қазақстаннан 6, Қырғызстаннан 2 және Моңғолия мен Ресейден бір-бір төрешіден қызмет етеді. Бұл дүбірлі доданың халықаралық сипаты мен әділдік пен ашықтыққа деген ұмтылысын көрсетеді. Жиында федерация президентіне шетелдік спортшылардың дайындығы мен олардың жаттығуына қажетті жағдайлар жасау турасында есеп берілді.
Айта кетейік, Көшпенділер ойындарына құсбегілік спорт түрі бойынша 10 мемлекеттен 42 спортшы қатысады. Кездесу қорытындысы бойынша Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли төрешілер алқасына Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының атынан берілген арнайы сертификаттарды табыстады.