Мәжіліс төрағасы көкпаршылардың тартысын тамашалады
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған палата делегациясы Қазақстан мен Қырғыз Республикасының көкпаршыларының финалдық кездесуін тамашалауға барды, деп хабарлайды 24KZ.
Жарыс басталар алдында спикер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып жатқан барша қазақстандық спортшылармен әңгімелесіп, жеңіс тіледі. Мемлекет басшысының бастамасымен елде өтіп жатқан дүбірлі дода көрермендерге жарқын эмоциялар сыйлаған нағыз спорт мерекесіне айналғанын жеткізді. Бұл он мыңдаған шетелдік қонаққа қазақтың ұлттық мәдениетімен, әдет-ғұрпымен тереңірек танысуына да жол ашты. Ойын соңында Ерлан Қошанов қазақ көкпаршыларын жігерлі жеңісімен құттықтады. Ақтық сында екі бауырлас халықтың мықты ойыншылары кездескенін атап өтті.