Көшпенділер ойындары: Қазақстан қоржынында 114 жүлде бар

Байрақты бәсеке арқылы ұлттық ойындарымыз ұлықталып, тарихымыз әлем халықтарына паш етілді, деп хабарлайды 24kz.

Тек төл  құндылықтарымызды насихаттап қоймай, Қазақстанға турист тарту ісін де ілгерлетті. Ең бастысы – бауырлас мемлекеттердің ынтымағы артып, спортшылардың байланысы беки түсті. Осы тұста, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бел ортасында болып, ақпарат таратқан арна тілшісі Шернияз Жалғасбекұлын сөзге тартқым келеді.

Арман Балтабайұлы, жүргізуші:

- Шернияз, бәсеке қалай өтті? Елге ағыла келген туристердің көңіл-күйі қалай?

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Арман Балтабайұлы, қайырлы кеш! Өзіңіз айтқандай, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны халықтық құндылықтарамызды жаһан жұртының жадында жаңғыртуға мол мүмкіндік берді деуге болады. Сондай-ақ турист тарту ісін де ілгерлетті. Дүниежүзілік доданы тамашалауға 100 мыңнан аса турист келді деген ақпар бар. Оған 64 елден келіп ақпарат таратқан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы онлайн тамашалаған жұртты қосыңыз. Әлеуметтік желінің дамып тұрған тұсында күллі әлем жұрты біздегі бәйгені тамашалады десек болады. Шыны керек, туристер біздегі тарих пен мәдениетке таңданыспен тамашалады. Осы тұста сөзімді қуаттау үшін этноауылда жолықтырған қатарлық қонақтың пікірін ұсынғым келеді.

Ахмад Кан, турист:

- Бұрын-соңды көшпенділер ойынын естіген емеспін. Өзім ел аралап қыдырғанды ұнатамын. Интернеттен Қазақстанда ойын өтеді дегенді естіп, арнайы билет сатып алдым. Көшпенділер ойынын көріп, таң қалып тұрмын. Ерекше сезімде болдым. Қазақ деген ел бар екенін білдім. Алғаш келіп тұрғандықтан таңданысымды жасыра алмай тұрмын.

Ерекше айту керек, шетелдіктер бізде этноауылдағы таңданыспен тамашалады. Онда әр күн сайын 100-ден аса мәдени іс-шара өткізіліп, думанның көркін келтірді. Сондай-ақ ақпарат тарату барысында көне базар стилінде ұйымдастырылған дүкендерді ұлттық әшекей-бұйымдарымыздың сұранысқа ие болғанын байқадым. Сатушы, әрі шебер Гүлнар Боранжанова ханыммен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.  

Гүлнар Боранжанова, қолөнер шебері:

- Мен енді өзім ұлттық нақыштағы мынандай қол сөмкелер тігемін, құрақ сөмкелер тігемін. Жасау тігемін, көрпе-жастықтар тігемін. Одан кейін қазіргі заманның талабы ұлттық әшекейлер. Сырға шашбау, шекелік дегендерді жасаймын. Міне, осы заттардың барлығына дерлік сұраныс көп, жақсы алып жатыр Сыйлыққа алғанға қолайлы.

Спортшылармен қатар сайысқа жылқылардын да қатысқанын ерекше айта кету керек. Мәселен, дүниежүзілік додаға 560 қылқұйрық қатысқан. Оның 114-ін қазақстандықтар тақымдады. 300 жылқы басқа да қатысушыларға жалға берілді. Сондай-ақ 146 тұлпарды көршілестеріміз өздерімен бірге ала келген. Бұған қоса, тазы, бүркіт, түйе секілді жануарлар додаға қатысып, көпшіліктің назарына ұсынылды.

Ерзат Байқадамов, бүркітші:

- Кеше 18 секундта өткен, бүгін 15 секундта өтті. Соның бәрін қазір төрешілер белгілеп айтып береді. Енді Қазақстанның үш құсы шықтық қой. Өзге ұлт өкілдерінің құстары қалай?

- Енді мықты болды, бірақ жанағыдай ұзақтыққа, секундқа қалып қалды. Жылдамдықтан біздің құстар алып кетті. Ол жақтан да шетелден келген құстар да мықты екен. Кеше өз өнерлерін көрсетті, енді алыстан келгеннен кейін, жолға ұрынғаннан кейін мынандай жерге келмей жатыр. Біз бір ай бұрын келгенбіз ғой құсты үйрету үшін.

 

Қазақстан қоржынында 114 жүлде бар

Ал жалпы есепте Қазақстан бірінші орынға жайғасып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Отандастарымыздың 43 алтын, 34 күміс, 37 қола еншілеп, 114 медальмен топ жарды. Екінші орынға айыр қалпақты ағайындар жайғасты. Қырғызстан құрамасының қоржынында 19 алтын, 21 күміс, 25 қола бар. Жүлделердің жалпы саны– 65. Ал үздік үштікті Ресейден келген спортшылар қорытындылады. Олардың еншісінде 12 алтын, 10 күміс, 25 қола бар. Сондай-ақ Өзбекстан мен түркиялық қатысушылар да үздіктер қатарынан көрінді.