Құсбегілік сайысына алғаш рет темір тұлпар тігілді
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құсбегілік спорт түрі бойынша екі күн қатарынан өткен жарыс да бүгін өз мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.
Тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаға байлады. Сайысқа алғаш рет темір тұлпар тігілді. Ұйымдастырушы тарап «бұл жүлде құсбегілердің мәртебесін биіктетеді» дейді.
Екі күнге созылған байрақты бәсекеге ел құсбегілері ерекше дайындалған. 42 спортшы қатысқан дүбірлі дода әлем назарында болды. Бұл жолғы жарыстың жүлдесі қомақты. Алғаш рет бас жүлдеге автокөлік тігілді. Федерация Президенті Берік Уәли бұл бәсеке құсбегілердің бәсін биіктеткенін атап өтті.
Берік Уәли, Құсбегілік федерациясының президенті:
- Құсбегілік сайысына әлемнің 10 елінен спортшыларымыз қатысуда. Жалпы 42 спортшы келіп дүбірлі доданың көркін қыздырды. Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігі – біз федерация өзіміз демеушілер тауып, «Тұлпар» компаниясының тікелей қолдауымен жеңіл автокөлік тіккен болатынбыз. Бұл да құсбегіліктің дәрежесін арттырады деп ойлаймыз.
Аспан астында қанатын жайған қырандар көпшіліктің көзайымына айналды. Сайыс нәтижесінде «Бүркіт салу» санатында қоланы құсбегі Арман Қошқаров күмісті Ерзат Байқадамов, ал алтынды Серікбек Күнтуған еншіледі.
Серікбек Күнтуған, жеңімпаз:
- «Алғыр» құсым жақсы өнер көрсетті. 2018 жылы Қырғызстанға Көшпенділер ойындарына барған кезде үшінші орын алған, міне, өзін көрсетіп бірінші орын алып беріп тұр. Бізде мұнда қолға шақыру болды. Одан кейін электронды шырға болды. Шырғада бұл 13 секундта келіп, жылдамдығын көрсетіп, бірінші орын алды.
«Алғырды» аспанда қалықтатқан жеңімпазға автокөлік бұйырды. Ұлттық спортқа демеушілік жасаған жігіттер бірінші және екінші орын алған құсбегіге көліктің кілтін табыс етті.
Талғат Сақанов, демеуші:
- Бұл кісілердің еңбектері бар. Қаншама жыл бағып, Қазақстанымыздың атын шығарып жүр. Сондықтан да еңбек ақталу керек. Біз бір екенімізді көрсетуіміз керек. Сол себепті үш орынды да өзіміздің жігіттер алып жатыр. Сондықтан екеуінде бөле жармай, компаниямыздың атынан көлік беріп жатырмыз.
«Қаршыға салу» бәсекесінде Құдайберген Рауилұлына алтын алды. Екінші орынға Қырғызстан спортшысы Адильбек Құдайбердиев жайғасты. Тағы бір жерлесіміз Бағдат Кеуенов қола жүлдені місе тұтті. «Ителгі салу» бойынша алтын мен күміс қырғызстандық Бақыт Шамуратулы мен Түгелбай Абдыкадыровқа бұйырды. Қола жүлдені ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажан еншіледі.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Артур Горшняков, 24кз