Ақтөбеде ұлттық спорт үйірмесіне қабылдау жүріп жатыр
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін елде ат спортына қызығушылық артқан, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, Ақтөбедегі мамандандырылған спорт мектебіндегі аударыспақ үйірмесіне бір аптада 15 бала жазылыпты. Жылқыға үйір жеткіншектер жамбы ату мен теңге ілудің де қыр-сырын игеріп жүр.
Нұрасыл Ендірбай ұлттық спорт түрлеріне баулитын мектеп туралы досынан естіген. «Ат құлағында ойнайтын шабандоз болуды бала күннен армандадым», – дейді. Ұлттық жекпе-жек үйірмесіне қатысып, білекті палуан да болғысы келеді. Мақсаты – әлем чемпионы атану.
Нұрасыл Ендірбай, оқушы:
- Аттар өзіме қатты ұнайды. Ұнаған соң ат спортына өзім келдім. Келіп, аттарды ерттеп, жүргізіп, шауып үйрендім. Келесі апта өтетін жарысқа дайындық болып жатыр.
Жалпы өңірде аударыспаққа ден қойған жастар көп. Спорт мектебінің өзінде 50-ге жуық жеткіншек күнделікті білек күшін сынап жүр. Жалпы мұнда аударыспақтан бөлек, жамбы ату, теңге ілу мен көкпар үйірмелері де бар.
Нұрлыбек Әшімов, ат спорты мектебінің әдіскері:
- Қазір 590-дай оқушы қамтылып, жаттығып жатыр. Бізде 4 бөлімнен тұрады. Бірінші ат спорты, одан кейін тоғызқұмалақ, одан кейін қазақ күресі, асық ату бар. Соның ішінде ат спорты бөлімінде 175 оқушы қамтылған. Жастарымыз қазір ат спортына деген қызығушылығы артып, мектепке жас балалардың келу қарқыны жақсы.
Ұлттық спорт мектебі үйірмелері болашақ палуандарды қабылдау қазан айына дейін жалғасады. 12 жасқа толған кез келген жеткіншек қатыса алады. Бұдан бөлек, Шалқар мен Ырғыз, Ойыл мен Қобда, Байғанин және Мұғалжар аудандарында да үйірмелер жұмыс істеп тұр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.