Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты басталады

14 қыркүйекте футзалдан әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды 24KZ.

Өзбекстан төрінде өтетін байрақты додаға жаһанның үздік 24 командасы қатысып, өзара мықтыларды анықтайды. Арасында чемпиондықтан үмітті Қазақстан құрамасы да бар. Сонымен отандастарымыздың қазіргі аяқ алысы қалай? Топтан шыға аламыз ба?

Футзалдан әлем чемпионатына УЕФА-ға мүше Еуропаның үздік 7 командасы қатысады. Арасында Қазақстан бар. Отандастарымыз соқыр жеребе бойынша Д тобына түсті. Алғашқы қарсыластар: Испания, Жаңа Зеландия, Ливия. Бірінші ойын ертең Испанияға қарсы өтеді. Осы орайда отандық спорт сарапшылары Қазақстан құрамасы плей-офқа екінші орынмен шығады деп топшылап отыр.      

Руслан Бақытжан, спорт сарапшысы:

- Қазақстан құрамасы, менің ойымша, өз тобында екінші орынмен плей-офф кезеңіне шығады. Өйткені бүгінде FIFA рейтингісінде ІІІ орында тұрған Испанияны топтық кезеңде жеңу өте қиын болады. Бәлкім, плей-офф кезеңінде пенальти сериясының қорытындысы бойынша жаңа тактика құрып, жеңіп кету мүмкін. Ал топтағы басқа командаларға келер болсақ, Ливия FIFA рейтингісінде 50-ші орында. Әлем чемпионатына 2 рет шыққан. Бірақ Қазақстанмен кездеспеген олар биыл Африка кубогында ІІІ орын алды. Араб чемпионатында жүлдеден көрінді. Десе де Қазақстан құрамасы фаворит болып есептеледі.

Топтағы соңғы ойын рейтингте 19-шы орында тұрған Жаңа Зеландияға қарсы өтеді. Олар әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқалы отыр. Әрі Тынық мұхиты аймағындағы ең үздік команда. Соған қарамастан Қазақстан – бұл сында да фаворит.

Руслан Бақытжан, спорт сарапшысы:

- Ресми және жолдастық матчтарды есептейтін болсақ, біздің жігіттер қатарынан 15 ойында ұтылмаған. Оның 2-де тең түсіп, қалған 13-інде жеңіске жеткен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ал енді осы Өзбекстандағы әлем чемпионатында, әрине, Қазақстан құрамасы бар. Бірақ бізден бөлек, соңғы әлем чемпионатында топ жарған Португалияны естен шығаруға болмайды. Бразилия да мықтылардың қатарында және біздің топтағы Испания да әлем чемпионатын жеңіп кетуі мүмкін.

Байрақты доданы Өзбекстанның 3 қаласы қабылдайды. Қазақстанның алғышқы 2 ойыны Әндіжанда, үшінші матч Ташкентте өтеді. Жерлестеріміз дәл қазір әлемдік рейтингте 8-ші сатыда тұр. Олар 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздік 4 құраманың қатарынан көрінген еді.

Авторы: Мерей Қанапия.