80 жастағы садақшы Көшпенділер ойындарына қатысты

Төрткүл дүние көз тіккен Көшпенділер ойындарына қатысқан ең егде спортшы 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес болды.

Ол айтулы додада садақ ату спорты бойынша сынға түсті. Ал ең жас спортшы аламан бәйгеде – Жұмыртұяқты тізгіндеген Хамза Амангелді. Ол дала дүбірінде күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ биылғы додаға ең көп спортшыны айырқалпақты ағайын қосты. Қырғызстаннан елордаға 172 атлет келді. Көшпенділер ойындарында 20 мың жанкүйер көкпар мен көкбөріні тамашалады. Бір аптаға жуық өткен көшпенді халықтардың жарысында 97 медаль сарапқа салынды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы медаль иеленді. Олардың қатарында мұхит асып келген Канада мен Мексика елінің өкілдері бар. Сонымен қатар сайыстарға 499 бас жылқы мен 41 құс қатысты.