Біржан Оразов әлем чемпионатындағы ең жылдам голдың авторы атануы мүмкін

Біржан Оразов әлем чемпионатындағы ең жылдам голдың авторы атануы мүмкін

Біржан Оразовтың Испания қақпасына соққан голы футзалдан әлем чемпионаты тарихындағы ең жылдам голға айналуы мүмкін. Қазір FIFA өкілдері осыны анықтап жатыр.

Отандасымыз ойынның небәрі 5-ші секундында есепті ашқан еді.

Шабуылшы Біржан Оразовтың азулы қарсылас Испанияға соққан жылдам голы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ол ысқырық шалынып, ойын басталған бойда Дугластың нәтижелі пасын голға айналдырды. Отандастарымыздан көз жазып қалған қарсыластар осы сәтте өздері де түсінбей қалды. 

Біржан Оразов, футзалдан ұлттық құрама мүшесі:

- Дуглас екеуміз осыны Иранға, Аргентинаға қарсы істедік. Ойын басталарда тактикамыз болған. Бүгін енді голмен аяқталып тұр. Атмосфера өте керемет болды. Қазақстан жанкүйерлеріне көп рақмет. Осы Әндіжанға келіп, бізге қолдау білдіргендеріне.

Артынша ұлттық құрама сапынан өрескел ойынымен көзге түскен Дәурен Тұрсағұлов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Осы сәттен бастап иапандықтар басымдықты өз қолдарына алып, шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде матчтың 16 минутында есепті теңестіріп кетті. Осылайша, алғашқы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Ал қақпашы Лео Игита матчтың үздік ойыншысы атанды.

Лео Игита, футзалдан ұлттық құрама капитаны:                

- Мен біздің жанкүйерлердің осында келіп, қолдау білдіретінін білдім. Олар тіпті біздің 6-шы ойыншымыз болды. Содан шығар бар күш-жігерімізді салып, шаршағанымызды ұмыттық. Испанияға қарсы тең нәтижені жаман көрсеткіш деп айта алмаймын. Топтағы басты қарсыласымызға қарсы нәтижелі ойын көрсеттік. Енді дұрыстап демалып, келесі матчқа дайындаламыз. 

Әзірге Д тобында 3 ұпаймен Ливия көш бастап тұр. Олар Жаңа Зеландияны 3:1 есебімен ұтты. Қазақстан келесі ойынын дәл осы Ливияға қарсы өткізеді. Матч 18 қыркүйек Әндіжан қаласында өтеді.

Руслан Бақытжан, спорт сарапшысы:

- Ливия құрамасы бүгінде FIFA рейтингінде 50-ші орында тұр. Олар осыған дейін әлем чемпионатына 2 мәрте шыққан. Қазақстанмен ешқашан ешқандай матчта кездеспеген. Бұл дебют болмақ. 50-ші орындағы команда болып көрінгенімен, олар Африка құрлығында үздіктердің қатарында. Биыл Африка кубогында 3-ші орын алды. Араб чемпионатында жүлделі орындарға ілікті. Десек те Қазақстан фаворит болып есептеледі.    

Қазақстан құрамасы дәл қазір әлемдік рейтингте 8-ші орында тұр. Әрі әлем чемпионаты алдында ресми және жолдастық кездесулерді есептегенде барлығы 15 ойын өткізіп, соның 13-інде жеңіске жеткен. Қалған екеуі тең аяқталды. Сондықтан отандық сарапшылар отандастарымыздың байрақты додада сәтті өнер көрсетіп, ұзаққа баратынына сенімді.