Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлер марапатталды
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент атынан Паралимпиада жүлдегерлері мен жаттықтырушыларды жетістіктерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды 24KZ.
Пара пауэрлифтингтен екі дүркін чемпион болған Дэвид Дегтярев I дәрежелі «Барыс» орденімен, ал дзюдодан алтын алған Ақмарал Науатбек III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Күміс медаль еншілеген мерген Еркін Ғаббасов, жүзуші Нұрдәулет Жұмағали және дзюдошы Шамей Ерғали «Парасат» орденінің иегерлері атанды. Ал қола алған спортшылар Дастан Мұқашбеков, Зарина Райфова, Даяна Федосова және Жұрқамырза Шүкірбековке «Құрмет» ордені берілді.
Сонымен қатар спортшыларды дайындаған бапкерлердің бесеуі «Парасат» орденімен, жетеуі «Құрмет» орденімен, екеуі Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Еске сала кетейік, Парижде өткен Паралимпиадаға Қазақстаннан 44 спортшы қатысты. Олар 2 алтын, 3 күміс, 4 қола еншілеп, медаль саны бойынша рекорд орнатты.
Ақмарал Науатбек, Паралимпиада ойындарының чемпионы:
- 6 ай бойы басқа жарыстарға қатысқаным жоқ. Тек көздегенім осы Паралимпиада болды. Барлығы ақталды, еңбек ақталды. Өте қуаныштымыз. Қазақ еліне парадзюдодан тұңғыш алтын алып келдім. Отаныма оралдым. Қуанышымда шек жоқ.