Ұлытаулықтар Көшпенділер ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетті

Ұлытаулықтар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды 24KZ.

Астанадағы дүбірлі жарысқа өңірден 4 спортшы қатысып, екеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Жерлестері ұлттық құрама сапындағы Айдос Ғалымов пен Асылмұрат Бірімжановты сән салтанатпен қарсы алды.

Ұлытау жеке облыс болғалы бірнеше спорт федерациялары құрылды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы қос жүлде – соның жемісі. Айдос Ғалымов түріктің ашыртмалы аба гюрешінен күміс, ал Асылмұрат Бірімжанов таяқ тартудан қола медаль еншіледі. 

Айдос Ғалымов, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері:

- Мынау Көшпенділер ойыны өзі ұлттық спорттың олимпиадасы деп жатыр ғой. Өте жоғары деңгейде өтті. Сол жоғары деңгейден түспей, өзіміздің жеріміз – Ұлытауымыз күтіп алып жатқанына өте қуаныштымын.

Асылмұрат Бірімжанов, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері:

- Бұл жеңісімді енді сезініп жатырмын. Себебі атмосфера бұндай болған жоқ осыған дейін. Күтіп алған басшыларға және қолдаушыларға көп-көп алғыс білдіремін. Жеңісті күндерде жолыққанша деймін.

Cпортшылар мен бапкерлердің жетістігін облыс әкімі де ерекше атап өтті. Оларға ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін құрмет грамотасын табыстап, ақшалай сыйақымен марапаттады.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Алғашқы осылай өтуі ұлттық спортты насихаттайды. Артта келе жатқан жасөспірімдер, інілер мен қарындастар ертең осы спортпен қызығушылығын туғызып, секцияларға қатысып басқа да үлкен жеңістер болады деп есептейміз.

Өңірде спорттың кез келген түрімен айналысуға бар жағдай жасалған. Әсіресе олимпиадалық және ұлттық спортқа басымдық берілген. Таяуда Жаңаарқада 3 мыңға жуық спортшыға арналған ұлттық спорт мектебі құрылды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.