Садақшы сұлулардың қатары толығып келеді
Қазақтың қанына сіңген дәстүрлі өнердің бірі – садақ ату. Бұл ойын түрі бабалар атқа тақым басқалы бері жалғасып келеді. Кешегі дүбірлі дода басталғалы садақ атуға құштарлық танытқан қаракөздеріміздің де қарасы қалың, деп хабарлайды 24kz.
Солардың бірі – елордалық Гүлвира Үстемірова. Ол садақ ату сабағына қатысып, осы өнердің қыр-сырын бір кісідей меңгерген. Осыдан бес ай бұрын бес қаруын асынып, жаттығу залына арнайы келген. Қазіргі уақытта аптасына екі рет келіп дайындалады. Өзінің айтуынша, оның тартқан жебесі нысанадан мүлт кеткен емес.
Гүлвира Үстемірова, қала тұрғыны:
- Бұл жақта бір байқағаным, ішкі дүниеңіз алай-дүлей болса, атқан оғың нысанаға дөп түспейді. Басқа жаққа ұшып кетеді дегендей. Бұл жақта жан тыныштығы керек екен. Жан тыныштығы болса, жебеңіз, атқан оғыңыз дәл нысанаға түседі.
Кешегі өткен Көшпенділер ойындарында садақ атудан жекелей сынға түсіп, қола медалді жеңіп алған Айкөркем Батиханда дайындық алаңында жүр. Чемпион қыз: «Жетістікке жету құштарлықтан басталады», – дейді.
Айкөркем Батихан, ұлттық құрама мүшесі:
- Иә, жетістікке жеткен сайын айналамдағы адамдардың көбісінің қызығушылығы ояна бастады. Оның ішінде группаластарым бар, сыныптастарым бар. Қызығушылықтары бар. Өзім де жүрген жерімде дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттап жүремін.
Көшпенділер ойындары аясында өткен дәстүрлі садақ атуға 35 елден 120 ер, 60 әйел қатысқан. Елорда төрінде байрағы желбіреген садақ ату сайысынан соң қызығушылардың қатары көбейді. Мамандар: «Күніне 100-ден аса адам келеді»», – дейді.
Қасымхан Қанат, «Елорда» садақ ату федерациясының мүшесі:
- Сабырлылыққа баулиды. Адам жетістікке жету үшін сабырлы болуы керек. Көзге жақсы. Оқты қарайсың, нысанаға қарайсың. Тұрған кезде денеге, омыртқаға барлығына жақсы. Мұнымен қоса, садақ ату ортасы жақсы.
Садақ ату өнері әлем бойынша дамыған. Бүгінгі күні 140 ел осы өнердің жалауын желбіретіп отыр. Ал қыркүйектің 21-27 аралығында Алматы облысында өтетін садақ ату сайысына ұлттық құрама мүшелері сақадай сай отыр.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Өрден Жарқын