Футзал: Қазақстан өз тобында 2-орында келе жатыр
Футзалдан Қазақстан құрамасы Ливияны жеңсе де, D тобында екінші орында келе жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Көш басында сәл ғана гол айырмашылығымен Испания тұр. Әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне кім бірінші болып шығатыны әлі белгісіз. Барлығы соңғы турда шешіледі. Сонымен Қазақстан құрамасы плей-оффта кімдермен ойнауы мүмкін?
Мерей Қанапия, тілші:
- Кешегі ойында Біржан Оразовтың орағытып салған голы мен Дугластың дөп тигізер соққылары ливиялықтарды әбден есеңгіретті. Қорытынды – есеп 4:1.
Ұлттық құрама сапынан 4 спортшы көзге түсіп, бір-бір голдан соқты. Арасында Ақжол Дәрібай, Жахангир Рашит сынды жас ойыншылар бар.
Жахангир Рашит, футзалдан ұлттық құрама мүшесі:
- Жалпы гол емес, ойнағаныма өте қуаныштымын. Бапкерлерге, командаластарыма алғысым шексіз. Атмосфера өте керемет. Бірінші ойыннан бастап Испаниямен былай жекеге де жазып, қолдап... Үйде ойнап жатқандай болып жатырмыз. Көп рақмет. Алғысым шексіз.
Отандастарымыз әлем чемпионатының алғашқы ойынында Испаниямен кездесіп, тең түскен еді. Артынша Қазақстан Ливияны, Испания Жаңа Зеландияны айқын басымдықпен ұтты. Әзірге топтағы 2 фавориттің ұпайы бірдей болғанымен испандықтар 3 гол айырмасымен D тобында көш бастап тұр.
Альберт Ақбалықов, футзалдан ұлттық құрама мүшесі:
- Біз бірінші орынмен шықсақ та, екінші немесе үшінші орынмен шықсақ та, қарсылас таңдамаймыз. Чемпион болу үшін әр командаға дайынбыз. Өздеріңіз көргендей, біз Аргентинамен ойнадық, Испаниямен, Иранмен ойнадық. Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Біз команда таңдамаймыз.
Рикардо Кака, футзалдан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Өткенде Испаниямен болған матчта өз деңгейімізден де жоғары ойнадық. Ал Ливияға қарсы сәл төмен деңгейде өнер көрсеттік. Бұл футзалда қалыпты жағдай. Ең бастысы, жеңдік қой. Рашиттің гол соққаны қуаныштымын. Ол берілген тапсырманы жақсы орындады. Бірақ қорғанысқа жауапты болғандықтан өзін толық аша алмады. Себебі біз бүгін тек шабуылда ойнадық. Болашақта оның ашылмаған қырларын зерттеп, әмбебап спортшы қылып шығарамыз.
Қазақстан енді топта соңғы орында келе жатқан Жаңа Зеландиямен кездеседі. Ойын 21 қыркүйек Ташкентте өтеді.
Руслан Бақытжан, спорт сарапшысы:
- Жаңа Зеландия командасы олар ешқашан әлем чемпионатына шықпаған. Бірақ рейтинг бойынша олар әлемде 19-орында тұрған команда. Қазақстан құрамасы Жаңа Зеландиямен өтетін ойында да фаворит.
Айта кетейік, Қазақстан топтан бірінші орынмен шықса, плей-оффта өзге B, E, F топтарындағы 3-орын алған командалардың бірімен кездеседі. Ал екінші орынмен шықса, Е тобындағы Португалиямен ойнауы мүмкін.
Авторы: Мерей Қанапия