Орал футболы қаржысыз қалды
Орал футболының көсегесі көгерер емес.
Екі жыл бұрын Қазақстан кубогының финалына жеткен «Ақжайық» қазір бірінші лигада 13-ші орында тұр. Сүреңсіз ойын жалғасса, екінші лигаға құлдырауы ғажап емес. Ал клуб басшылығы биыл бюджеттен қаржы бөлмеді деп әкімдікті кінәлайды.
Спорт басқармасы мемлекеттік сатып алу байқауының бір емес үш рет өткізілгенін айтады.
Бауыржан Омаров «Ақжайықта» 2007 жылдан бері ойнайды. Осы 17 жылда жергілікті клубтың дәл қазіргідей қаржылық күйзеліске ұшырағанын көрген емес. Ойыншылар 9 ай бойы жалақы алмаған. Олардың жағдайы төмендеген сайын команданың кестедегі орны да құлдырап барады.
Бауыржан Омаров, «Ақжайық» ФК капитаны:
- Балалардың ойлары футболда емес, жаттығудан кейін, матчтан кейін қосымша жұмыс тауып, нанын тауып жүр. Біреу такси қызметінде болса, біреуі базарға барып, ата-аналарына көмектесіп, сауда-саттықпен айналысып жүргендер де бар.
«Ақжайық» клубы 2019 жылы жекешелендірілді. Содан бері мемлекеттен бөлінетін қаржы жыл санап қысқарып келеді. 2022 жылы 1,1 млрд теңге бағыттаса, былтыр спорт басқармасынан 400 млн теңге берілген. Биыл да сонша қаржы қарастырылғанымен, клубқа бір теңге де тимеген. Себебі мемлекеттік сатып алуда жеңімпаз анықталмаған.
Манарбек Ержанов, «Ақжайық» ФК директоры:
- Биыл бірінші тендер тек қана сәуір айында болды. Онда конкурстық құжаттамаларда қателіктер болды деп бізді өткізген жоқ. Екінші конкурста «Ақжайық» футбол клубы» ЖШС борышкерлер реестрінде болды деп автоматты түрде конкурстан шығарып тастады. Бірақ борышкер реестріне тіркелген болса, тапсырыс жібере алмайды. Біз тапсырыс бердік.
Жеңіс Нығметуллин, БҚО Спорт басқармасының басшысы:
- Бүгінде мемлекеттік сатып алудың 3 рәсімі өткізілді. Екеуіне «Ақжайық» қатысты, біреуіне қатысқан жоқ. Аталған серіктестіктің сот шешімі бойынша 56 млн теңге берешегі бар. Мемлекеттік сатып алу заңының 6-бабына сәйкес аталған тізілімде тұрған әлеуетті қатысушылар осы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыспайды.
Енді тендер төртінші рет өте ме, футболға қаралған қаржы клубқа жете ме? Спорт басқармасы бұл сауалға бас шайқайды. Себебі қайтара байқау өткізгенше қараша болады, маусым аяқталады. Әрі борышкерлер тізімінде тұрған «Ақжайық» оған қатыса алмайды.
Манарбек Ержанов, «Ақжайық» ФК директоры:
- Орал футболы тоқырайды деуге болады. Егер «Ақжайық» қаржылық қиындықтан шыға алмаса, ақша бөлінбесе, банкроттыққа әкелері сөзсіз. Егер жабылып қалатын болса, жаңа команда ашылған күннің өзінде 3 жылға шейін осы жергілікті федерация бар ғой, соның мүшесі болу керек, екінші лигадан бастайды.
Спорт басқармасы болса, келер жылдан бастап бюджет қаржысы негізінен балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталатынын айтады. Ал кәсіби клуб өз күнін өзі көруі тиіс.
Жеңіс Нығметуллин, БҚО Спорт басқармасының басшысы:
- Инвесторларды іздеудеміз. Бір-екі инвестор осы футбол саласына келуге қызығушылық танытып отыр. Яғни негізгі құрамды жеке адам өзі ұстайды, ал балалар футбол академиясын мемлекет қаржыландырады. Нәтижесінде мемлекет балаларға жауап береді. Ұстаным осындай. Инвесторлар табылмаса, екінші нұсқа ретінде мемлекеттің қатысуымен клуб құрылатын болады.
Спорт басқармасының жаңа бағдарламасы Орал футболын өсіре ме, өшіре ме? Уақыт төреші.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов