Қазақстан құрамасы Жаңа Зеландиямен ойнайды
Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты жалғасып жатыр.
Қазақстан құрамасы ертең Ташкентте үшінші ойынын өткізеді. Маңызды матчқа команда көшбасшысы Дәурен Тұрсағұлов қатысады.
Алғашқы екі турда 4 ұпай иемденген Қазақстан құрамасы Әндіжаннан Ташкентке күні бұрын Ферғана арқылы ұшақпен жетті. Әндіжандағы спорт кешені біздің ел футзалшылары үшін сәтті болды. Себебі бірінші ойында Испаниямен тең түскен едік, кейін Ливия құрамасын 4-1 есебімен жеңдік. Енді қанжығаға тағы 3 ұпайды еншілеу міндеті тұр. Ол үшін отандастарымыз ертең дәл осы “Хумо арена” спорт кешенінде Жаңа Зеландияға қарсы ойнайды. Топтан қай орыннан және қанша ұпай еншілеп шығатынымыз әзірге белгісіз. Бір анығы, басты сұрмергендеріміздің бірі Дәурен Тұрсағұлов ертеңгі ойынға сақадай сай. Еске салайық, Өзбекстанға ұлттық құрамамызды қолдап келген жанкүйерлер жетерлік. Шамамен мыңнан асады. Жаңа Зеландияға қарсы матчта олардың қатары толығуы ғажап емес. Сөйтіп 1 апта бұрын жалауы желбіреген чемпионат біз үшін сәтті болып, футзалшыларымыздың жеңіс жолы жалғасады.