Шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы дүниежүзілік олимпиадада күміс алды

Қазақстан тарихында тұңғыш рет Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында еліміздің әйелдер құрамасы күміс медаль иеленді.

Команда сапында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Амина Қайырбекова және Алуа Нұрман өнер көрсетті. Небәрі 17-20 жастағы бұрымдылар 11 матчтық марафонға қарамастан әлемнің 169 елінен келген қарсыластарын шаң қаптырды.

Шешу сынақта жерлестеріміз Грузия, Польша және АҚШ құрамаларымен сынға түсіп, ұпай саны бойынша екінші орынмен қорытындылады. Төрткүл дүние назарын аударған байрақты бәсеке.

Ердана Ержанұлы, тілші:

«Шахмат қазақ даласына еш таңсық дүние емес. Археологтар «бұл ойын осыдан тоғыз ғасыр бұрын бұрынғы Талхиз, қазіргі Талғар қаласында ойналған» деп мәлімдеген. Ал бүгін 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрама командасы тарихта тұңғыш рет күміс медальді еншіледі». 

Тәжірибелі гроссмейстерлер Павел Коцур мен Александр Моисеенко тәлімгерлері 12 күн нағыз шеберлерше ойын өрнегін көрсетті. Жарыс жолында Уругвай, Финляндия, Австрия, Сербия, Куба, Әзербайжан, Франция және Польша командаларын тізе бүктірді. Грузия мен АҚШ шахматшыларымен тең түсті. Тек биылғы бәсекеде чемпион атанған үндістандық ойыншыларға есе жіберді.

Меруерт Камалиденова, шахматтан Қазақстан әйелдер құрама командасының мүшесі:

«Өте қуаныштымыз, бірақ жарыс барысында біз енді алтынға ұмтылдық. Енді өкінішке орай, ала алмадық. Бірақ енді келесі ретте мықтырақ және одан да дайын боламыз».  

Бибісара Асаубаева, шахматтан Қазақстан әйелдер құрама командасының мүшесі:

- Нәтижеміз жалпы жақсы болды. Ендігі олимпиадада алтын аламыз деп үміттенемін. Командамыздың болашағы зор, әлеуеті мықты. Бұдан да биік белестерді бағындыра алатынына сенімдімін». 

Гүлмира Бекзатқызы, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

«Жалпы бұл олимпиаданы Қазақстанның әйелдер құрама командасын 10-номер болып бастаған еді. Біз басынан бастап осы үштікке енсек, тарихи оқиға болады деп ойлаған болатынбыз. Қыздарымыз осыдан екі жыл бұрын Үндістанда 5-орын алған болатын. Одан алдын Норвегияда 6-орын болған. Бұл - ең жоғарғы жетістіктеріміз. Ал енді екінші орын бұл енді бұрын-соңды болмаған нәтиже». 

Еліміздің ерлер құрамасы да 11 кезең бойы жақсы өнер көрсетіп, «В» категориясының қола медалін жеңіп алды. Отандастарымыз Суринам, Монако, Алжир, Оңтүстік Африка Республикасы, Бангладеш, Моңғолия және Хорватия командаларынан басым түсті.

Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:

- Біздің шахматшыларды алда талай олимпиадалар күтіп тұр. Тәжірибе жинай келе алтынға да қол жеткізетініне күмәнім жоқ. Және шахматтағы жетістіктеріміз еліміздің зияткер жастарының көбейе түскенін, болашағының жарқын болып келе жатқанынан хабар беріп тұр. Қойнауы қазынаға бай ел үшін осындай ұрпақтың өсіп келе жатқаны аса маңызды деп санаймын». 

Былтыр еліміздің үкіметі 2023-2027 жылдарға арналған шахматты дамыту бойынша кешенді жоспарды қабылдады. Бірегей стратегия шахматтың байрақты бәсекелермен қатар қарапайым мектептерде қолдау табуына ықпал етіп келеді. Бұл Бибісара Асаубаева сынды талай жас өсіп келе жатыр деген сөз. Демек, 2026 жылы Өзбекстанда өтетін келесі Шахмат олимпиадасында бәсеке де, нәтиже де бұдан да жоғары болмақ.

Ердана Ержанұлы, Дастан Исатайұлы