Елорда іргесінде шырға тартудан жарыс өтті

Елорда іргесінде шырға тарту жарысы өтті.

Жүйріктігі байқалатын бәсекеге иелері 100-ден астам тазы әкелген.

Айта кетелік, тазы жүгіртіп, құс салған қазақ өнері дамып келеді. Биылдан бастап, халықаралық кинология федерациясы Қазақстанды жеті қазынаның бірі саналатын тазы тұқымының иесі деп ресми түрде танығаны белгілі.

Бұл жолғы шырға тарту жарысына 110-ге жуық тазы қосылды. Оның 64-і арлан. Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылы маңында жеті қазынаның бірі саналатын ит тұқымы жынысына қарай екі топқа бөлініп, 800 метрге жүгірді.  

Шыңғыс Бегәліұлы, итбегі:

- Екі топқа бөліп, шырға тартып, 800 метрге жүгіртіп жатырмыз. 64 арлан болса, соны сегіз топқа бөлдік. Әр топтан бірінші келген тазылар финалға шығады. Ақтық сайыста сегіз тазы кездеседі.  

Шырға тартуға бес жасар Мүсілім де өзінің баптаған тазысын әкелген. Кішкентай итбегі де жүлдеден үмітті. Тазысына сеніп отыр.   

Мүсілім Базыл, итбегі:

- Менің итімнің аты Қаршыға. Мен оны жарысқа қосуға алып келдім. Өскенде тазыларды бағамын.  

Қиқуға қиқу қоспақ болып келген итбегі қарағандылық Рамазан Садықұлы да осында. Жасы сексенге таяған ақсақалдың айтуынша алты жасынан бастап тазы баптаған. Ол дүбірлі додада тоғыз айлық Көкқұсының бағын сынады.  

Рамазан Садықұлы, итбегі:

- Тазы жанашырларының тойы бұл. Шын ниетімізбен тойға келдік. Тазымыз егемендігін алып жатыр, құдайға тәубә. Енді үкіметіміз тазы жүгіртетін алаң жасап берсе, жақсы болар еді. 

Шырға тартуға Абай облысынан келген Серік Слатовтың Жолбарыс атты тазысы топ жарды. Екінші орында Нұрлыбек Жаманғариннің, үшінші орынға Асхат Аутаевтың тазылары алды. 

Асантемір Қаршығаұлы, тілші:

- Тазы тұқымының иесі Қазақстан болып танылды. Мұны халықаралық кинология федерациясы да ресми түрде мойындады. Тазысын баптаған, тұқымын сақтаған елдің енді байрағы биік бола бермек.

Асантемір Қаршығаұлы, Бағдат Қайыркен