Қарағандыда әйелдер боксынан «Мықтылар турнирі» басталды

Қарағандыда әйелдер боксынан «Мықтылар турнирі» басталды

Қарағанды қаласында әйелдер боксынан «Мықтылар турнирі» басталды.

Бұл жарыс қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына іріктеу болып саналады. Сайыстың басты ерекшелігі бұрымдылар бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасады. Бұл өзгеріс әйелдер боксында халықаралық аренада бұдан былай бас киім болмайтынымен байланысты. Соның ішінде жаңа ереже Азия чемпионатынан бастап енгізілмек. Елдегі турнирде 19 бен 40 жас аралығындағы бұрымдылар 12 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Жартылай финалдық кезеңдер 26 қыркүйекке, ал финалдық жекпе-жектер 27 қыркүйек күні өтеді. 

Қазақстан Португалиямен кездеседі. Футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатының 1 де 8 финалында қос команда ширек финалға жолдаманы сарапқа салады. Жерлестеріміз осыған дейін Жаңа Зеландия мен Ливияны жеңіп, Испаниямен тең тарқасып, топтық кезеңнен екінші орынмен шыққан болатын. Ал Португалия өз тобында Тәжікстан, Панама, Марокко командаларын жеңді. Енді Қазақстан мен Португалия матчы 26 қыркүйек күні Әндіжанда өтеді. Айта кетейік екі құрама 2021 жылы өткен әлем біріншілігінің жартылай финалында кездесіп, Португалия пенальти сериясында жеңіске жетті. Артынша финалда Аргентинаны ұтып, әлем чемпионы атанды. Ал Қазақстан 3 орын үшін кездесуде Бразилияға есе жіберді.

«Астана» төртінші ойын қатарынан жеңіске жетті

Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 21-туры мәресіне жетті. Бұл күні негізгі ойын Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен елордалық «Астана» арасында өтті. Алғашқы кезеңде командалар екі-екіден гол соғып, бір-бірінің адымын аштырған жоқ. Елордалық клубтан Ян Вороговский 24, Джеффри Чинеду 45-минутта мергендік танытса, оған шымкенттік клубтан Джасурбек Яхшибоев екі голмен жауап қайырды. Екінші кезеңде «Астана» сапынан Джеффри Чинеду 60-минутта тағы бір мәрте қақпаны дәл көздесе, Назми Грипши 74-минутта есепті ұлғайта түсті. Осылайша «Астана» басты қарсыласын 4:2 есебімен сүріндіріп, турнир кестесінде үздік үштіктегі командаларға жақындай түсті. Ал Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Ақтөбені» 3:0 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ қарағандылық «Шахтер» семейлік «Елімайға» 1:2 есебімен жеңілсе, түркістандық «Тұран» петропавлдық «Қызылжарды» 1:0 есебімен сүріндірді. Енді алдағы тур ойындары 3, 4 және 16 қазанда өтеді.