Каратэ: екі спортшымыз Азия чемпионы атанды
Жоламан Биғабыл мен Нұрқанат Әжіқанов Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды 24kz.
Қытайдың Ханчжоу қаласында каратэден ересектер арасындағы XX чемпионат аяқталды. Биылғы бәсекеде 30 елден келген таңдаулы 300-ден аса татами шебері күш сынасты. Бұл қатарда ел намысын кумите бағдарламасында 19 отандасымыз қорғады. Нәтижесінде құрама спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдеге қол жеткізді. 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жоламан Биғабыл Иорданиялық Омар Шакраны, ал 75 келідегі Нұрқанат Әжіқанов жартылай финалда әлем чемпионы Бахман Аскари Гончехті айқын басымдықпен ұтып, ақтық сында Өзбекстан спортшысын қапы қалдырды. Қазақстан жалпы есепте Жапония мен Вьетнамнан кейінгі 3-орынға тұрақтады. Жапония 5 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алса, Вьетнам спортшылары 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншіледі.