Қазақстанда 8 млн адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады
Елде 8 млн-нан аса адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Мамандар жыл сайын жүгіруге бет бұрған жандардың қатары артып келе жатқанын айтады.
Былтыр елімізде фитнес орталықтар 32%-ке көбейіп, олардың табысы 141 млрд теңгеге жеткен. Алайда мамандар: «Бұл – дамыған елдермен салыстырғанда аз көрсеткіш», – дейді.
42 жастағы Әлия Нұрғалиева – 4 баланың анасы. 2 жыл бұрын жүгіруді қолға алған. Себебі үй шаруасы мен бала тәрбиесін ұштастырамын деп күйзеліске түскен.
Әлия Нұрғалиева, қала тұрғыны:
- Мен өмір бойы үйде отырдым. Бала күтімі, үйдің тұрмыс-тіршілігі қажытып жіберді. Осы жүгірумен айналысып жүрген қыздарға қарап, мен де спортқа бір табан жақындадым. Содан кейін өмірім түбегейлі өзгерді. Әрі 15 келі салмақ тастадым. Мен секілді жүгіретін жан көп. WhatsApp чатта шамамен 100 адам бар. Бәрі марафонға қатысып тұрады.
Ал астаналық Нұрлыбек 20 жылдан бері жүгірумен айналысады. Жастайынан спортқа жаны құмар. Тіпті достарының арасында «желаяқ» деген лақап аты бар. Күнде кем дегенде 1 сағатын спортқа арнайды.
Нұрлыбек Смат, қала тұрғыны:
- Әсіресе 30-дан асқан соң әрі өзім IT саласында жұмыс істегеннен кейін компьютер алдында көп отырамыз. Жүгіру, спорт әркімнің серігі болуы тиіс. Қазіргі нәтижем орташа. Жартылай марафон, 1/14, 10 км 34 минут. Бұл – әуесқой үшін жақсы нәтиже.
Жанат Қожахметов 9 жыл бұрын бас қалаға қоныс аударған. Ол – кәсіби жаттықтырушы. Айтуынша, бұл спорт түрінде рекорд орнату мәре емес. Ол әуелде жаттығуын тек өзі үшін «жаны саудың тәні сау» деген ниетпен бастаған. Алайда Жанатпен бірге жаттыққысы келетіндердің қатары көбейген. Сондықтан арнайы клуб ашқан. Қазір командасында шамамен 100 адам бар.
Жанат Қожахметов, жаттықтырушы:
- «Қазір келіссөз офисте ғана жасалады» деген жаңсақ пікір. Менің тәжірибемде адамдар жүгіріп жүріп те жұмыстағы не бизнестегі келіссөздерін жүргізген. Жүгіру ол ауа райына қарамайды. Мәселен, қыста жүгіргеннің пайдасы мол. Дене шыдамды бола түседі. Ақырындап суыққа үйрене бастайды. Жүгіру алдында бұлшық ет пен қан тамырларын қыздыру үшін жеңіл жаттығу жасау қажет.
Елдің Fitnessdata аналитика операторы арнайы зерттеу жүргізген. Мәселен, былтыр фитнес орталықтар 141 млрд теңге пайда тапқан. Бұл – соңғы 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мемлекеттік секцияларды, спорт сарайларын қоспағанда республикада 2200-ден аса фитнес залы бар. Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, елде 8 млн-нан аса адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Оның 3 млн-нан астамы – ауыл тұрғындары. Ал 300 мыңға жуығы бала болса, 800 мыңға жуығы – жасөспірімдер. Елде фитнес индустрияның дамуы – 2,5%. АҚШ, Норвегия, Швецияда бұл көрсеткіш 10 есе жоғары. Ал Ресейде 4,5% болса, Өзбекстанда 1%.
Мәселен, ғалымдар АҚШ азаматтарының 90%-і стреске түсетінін айтады. Салдарынан Американың жыл сайынғы экономикалық шығыны 320 млрд доллардан асады. Психологтардың айтуынша, енді жүгірумен айналысатындардың саны үнемі көбейіп отырады. Себебі сау денеде сау психика болады. Жүгіру – арықтау не салауатты өмір салтын ұстану үшін ғана емес, стреске түспеудің де төте жолы. Адамның қимыл-қозғалысы артқан сайын ол уайымды, жұмыстағы не үйдегі кикілжіңді ұмытады екен. Күйзеліске бой бермейді. Көңіл күйі көтеріңкі болады.
Жалпы елде жыл сайын түрлі деңгейдегі шамамен 25 мың спорттық шара өтеді. Оған 1 млн 200 мың адам қатысады. Әсіресе кейінгі жылдары жүгіру марафоны халық арасында кең таралып келеді. Астананың өзінде шамамен 300 мың адам марафонға тұрақты түрде барады.