ШҚО-да бүркітшілердің халықаралық турнирі өтеді

Шығыс Қазақстан облысындағы Бозанбай ауылында бүркітшілердің халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды 24kz.

Құс төресін қолға үйреткен елордалық Серікбек Күнтуғанұлы бұл сайысқа үш бүркіт қосады. Қыран құспен қатар қаршыға, ителгісін де апарады. Өскемен маңында бүркітшілер сайысын жылда өткізу дәстүрге айналған.

«Тау бөктерінде, әсем табиғат аясында құс баптап ұшыру, онымен қоса, жиі кездесе бермейтін өзге де құсбегілермен қауышып, тәжірибе шыңдау сайысқа ерекше мән береді», - дейді бүркітші. Болашақта әлемдік додаларға қатысып, көк туымызды желбіретуге ниетті. Серікбек Күнтуғанұлы тақауда елордада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бүркіт салудан алтын олжалап, темір тұлпар тізгіндеген болатын.

Серікбек Күнтуғанұлы, бүркітші:

- Жарыстың ауқымы жақсы. Ол жерде биыл жамбы ату, садақ, асау үйретуді қосыпты. Барып көремі,з қызықтаймыз. Өнер ғой, әкеден келе жатқан мұра. Көшпенділер ойынында абырой сақтап, Қазақстанға алтын алып қалдық.Қазақстанда бүркіт спорты дамуы бұрынғыдай емес, қазір жақсы. Әр өңірлерде мектептер ашылды. Жаттықтырушылар бар. Мен өзім Астана қаласында осы құсбегіліктен аға жаттықтырушы болып жұмыс істеймін.