Әйелдер боксы: Қарағандыда «Мықтылар турнирінің» финалистері анықталды
Қарағанды қаласында әйелдер боксынан өтіп жатқан «Мықтылар турнирінің» барлық финалистері анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Аталған жарыс қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына іріктеу болып саналады. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жасақталады. Бұл жарыстың басты ерекшелігінің бірі – қыздарымыз бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасты. Бұл өзгеріс әйелдер боксында халықаралық аренада бұдан былай бас киім болмайтынымен байланысты. Жаңа ереже Азия чемпионатынан бастап енгізілмек. Бұрымды боксшылар Қарағандыда 12 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Финалға шыққан спортшылардың арасында Алуа Балқыбекова, Ұлжан Сәрсенбек, Милана Сафронова, Валентина Хальзова сынды азулы былғары қолғап шеберлері бар. Жарыстың соңғы жекпе-жектері бүгін сағат 12:00-де басталады.