Он төрт спорт шеберін тәрбиелеген бапкер
Саналы өмірін спортқа арнап, талай чемпионды тәрбиелеген ардагер бапкердің бірі Геннадий Насонов.
Білікті жаттықтырушының төл шәкірті Ислам Сәтбаев биыл Париж олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Спорт саласында жарты ғасырдан аса уақыт тер төгіп жүрген маманның еңбегі еленіп «Құрмет» орденімен марапатталды.
Нысананы көздеу кезіндегі мүлгіген тыныштық. Мұндайда ешкімнің қимылдауға қақы жоқ. Сол тыныштықты серіппенің дыбысы ғана бұзады. Геннадий Насоновтың мергендерді жаттықтырып жүргеніні биыл 53 жылдан асты. Осы уақыт арасында жеңісті де, жеңілісті де көрді. Спорттағы заңдылық осындай. Жеңіске қалай қуансам, жеңілістен сабақ алуға тырыстым,-дейді. Қарт мерген осы спорт түрін таңдағаны үшін еш өкінген емес.
Геннадий Насонов, нысана көздеуден ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
- Мен дене шынықтыру институтын тәмамдағам. Әу бастағы мақсатым – жаттықтырушы болу. Мен өмірдегі және спорттағы мақсатыма жеттім деп ойлаймын.
Тәжірибелі жаттықтырушының шекпенінен шыққан көптеген спортшы халықаралық сайыстарда топ жарды. Сұр мергендер олимпиада ойындарына қатысып, талай рет Азия чемпионатының жүлдегері атанған.
Геннадий Насонов, нысана көздеуден ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
- Менің басты мақсатым Олимпиада ойындары болатын. Шәкірттерім әлемдік додаға қатысып, жеңімпаз болғанын армандадым. 1996 жылы Юрий Роднов деген шәкіртім Атлантада өткен Олимпиада ойындарына қатысып, 12-орын алды. Ал Эльдар Иманкулов Буэнос-Айресете болған әлем біріншілігінде төртінші орын алды.
Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтбаев жеті жылдан бері Геннадий Романұлынан тәлімін алып, тәжірибесін үйреніп келеді. Осы уақыт аралығында шәкірт пен ұстаз, әке мен баладай бауыр басып кетіпті.
Ислам Сәтбаев, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:
- Осы жылдар бойы байқағаным, Геннадий Романұлы алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын, еңбекқор және төзімді адам. Ол кісі мен үшін, басқа да спортшылар үшін нағыз дос. Сондықтан да жаттықтырушымызды жақсы көреміз.
Геннадий Насонов жаттығу кезінде спортшылардың психологиялық дайындығына көп көңіл бөледі. Өйткені мергеннің жеңіске жетуі үшін физикалық шеберлік жеткіліксіз. Одан бөлек шыдамдылық пен сенімділік керек. Қазір Геннадий Насонов пен шәкірті Ислам Сәтбаев Республика кубогіне дайындалып жүр.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов