Астанада Elge Qyzmet Run марафоны өтті

Елордада мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдық мерейтойына орай Elge Qyzmet Run тақырыбында жүгіруден марафон өтті.

Спорттық шараға төрт жүзден астам азамат қатысты. Мемлекеттік қызметшілер мен қала тұрғындары екі жарым, бес және он шақырым қашықтықта жүгірді. Жарыс соңында әр қатысушыға медаль табысталды. Абсолюттік есеп бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Жас ерекшеліктеріне қарай түрлі санатта үздік нәтиже көрсеткендер де жүлделі орындарға ие болды. Марафоннан түскен қаражат толық қайырымдылыққа бағытталады - дейді ұйымдастырушылар.

Ерлан Әбіл, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

- Ұйымдастырушысы ретінде мемлекеттік қызмет істер агенттігі, академия және академия үлектері. Бұл бірінші рет ұйымдастырылып тұр, «Elge Qyzmet Run» деп әдейі жасап қойдық. Осы Астанамызда мемлекеттік қызметшілер бар. Билікте жүрген азаматтарымыз басқа халықпен, басқа тұрғындармен араласып, игі іс-шара жалғасын табады деп ойлаймын.

Ерлан Қалмақов, марафонға қатысушы:

- Академияның биылғы жылғы түлегімін. Бұған дейін мұндай үлкен жарыстарға қатысып көрген жоқпын. Бес километр қашықтықта жарысып отырмыз. Мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі келбеті, болмысы тек жұмыспен шектелмей салауатты өмір салтын қолдауға, белсенді болуға, үнемі осындай жақсы бастамалардың басы қасында жүруге үлес қосатынын көрсеткім келді.