Футзал: Қазақстан - Аргентина
Футзалдан Қазақстан құрамасы Аргентинамен ойнайды.
Отандастарымыз Әлем чемпионатының жартылай финалдық жолдамасын Оңтүстік америкалықтармен сарапқа салады. Осы орайда әріптесім Мерей Қанапияны сөзге тартқым келіп отыр. Мерей бүгінгі ойында кімнің асығы алшысынан түседі деп ойлайсыз? Сарапшылардың болжамы қандай?
Жалпы футзалдан Қазақстан құрамасы Аргентинамен тарихта 2 рет кездескен. Оның біреуі ресми, екіншісі бейресми матч. Әуелі 2016 жылы Колумбияда өткен Әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойнап, қарсыластарға 1:0 есебімен есе жібердік. Артынша жақында осы Өзбекстандағы әлем чемпионатының алдында Алматыда жолдастық кездесу өткізіп, отандастарымыз 3:2 есебімен басым түсті. Енді осыған қатысты белгілі сарапшымен сұхбаттасып, ойын білген едік...
Қазақстан – Аргентина ойынына болжам
Руслан Бақытжан, сарапшы:
- Енді жолдастық матч болғаннан кейін Рикардо Кака біршама ротация жасады. Және осы жеңіс құрметті көрермен, менің ойымша Қазақстан құрамасына керемет сенім береді деп ойлаймын. Өйткені әлем чемпионатының 2 дүркін финалисін біздің жігіттер жеңіп кетті. Сол жеңістің арқасында Ташкент төріндегі Хумо аренасындағы матчта Қазақстан құрамасы сол жеңісті қайталайды деген ойдамын.
Әлемдік рейтинг
Cоңғы жаңартылған әлемдік рейтингке көз жүгіртетін болсақ.
Қазір Бразилия құрамасы көш бастап тұр. Екінші орында Португалия, 3-орында Испания, 4-орында Иран, 5-орында қазір кездесетін Аргентина құрамасы тұр. Ал 6-орында Марокко болса, 7-орында Ресей. Біздің жігіттер 8-орында келе жатыр. Яғни екі елдің ортасын тек 3 саты ғана бөліп тұр.
Руслан Бақытжан, сарапшы:
- Аргентина құрамасы осы Өзбекстандағы әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі деп айтуға болады. Өйткені бұл құрама соңғы 2 мундиальдың финалына шыққан. Еске алатын болсақ, бұл құрама Колумбиядағы әлем чемпионатында бірінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Ол кезде олар финалда Ресей құрамасын жеңді. Литвадағы әлем чемпионатында Аргентина тағы да финалға шығып, Португалиямен кездесті. Және пиренейліктер сол турнирде жеңіске жеткен еді.
Қазақстан өз тарихында әлем чемпионатына 4-мәрте қатысып отыр. Алғаш рет 2000 жылы Гватемалада өткен дүбірлі додада бақ сынап, топта соңғы орын алды. Екінші рет 2016 жылы топтан шыққанымен 1\8 финалда Испанияға жол берді. 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатының жартылай финалына дейін барып, бұрын соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Осы жолы Аргентинаны ұтсақ, финалға шығу мүмкіндігіміз де арта түседі.
Әбдірасул Әбдуманапұлы, футзалдан ұлттық құрама мүшесі:
- Бар күш-жігерімізді саламыз енді. Енді Португалиядан өткеннен кейін финалға жетіп, чемпион мира болуымыз үшін бар күшімізді саламыз. Хумо аренада біз топтағы соңғы ойынды ойнадық. Ол кезде зал толмаса да қазақтар көп келді. Өзбек бауырларымызға да рақмет.
Лео, футзалдан ұлттық құрама мүшесі:
- Біз Португалия мен Испанияға қалай қарсы тұрсақ осы жолы да дәл солай ойнаймыз. Аргентинаға қарсы әр секунд маңызды. Сондықтан ақылға салып, тиянақты ойын-өрнегін көрсетеміз. Әрине өткенде қызыл қағазыма байланысты алаңға шыға алмадым. Трибунада жаныңды шүберекке түйіп, алаңдап отырғанша, жігіттермен бірге ойнаған әлдеқайда оңай.
Қазір жанкүйерлер 12 мың адам сиятын Хумо Арена стадионына жиналып жатыр. Онда тек Қазақстан емес тұтас Орта Азия елдерінің өкілдері біздің жігіттерге қолдау білдіріп, сенім артады. Алдын ала мәлімет бойынша билеттің 90 пайыздан астамы сатылып кеткен. Матч сәлден кейін яғни 20:00 де басталады.
Ендеше біз де Оразовтың орағытып салатын голдары мен Дугластың дөп тигізер соққыларына үміт артамыз.