Петропавлдық зейнеткерлер каратэмен айналысады
Каратэші қариялар. Петропавлда бір емес, бірнеше зейнеткер тұрақты түрде шығыс жекпе-жегімен айналысады, деп хабарлайды 24KZ.
Олардың арасында жасы 70-ке таяп қалған ата-әжелер де бар.
Бұл жандар спортқа қашан келсең де, кеш емес екенін тағы бір көрсетті. Петропавлдық зейнеткерлер «анау-мынау» емес, киокушинкай каратэмен шұғылданады. Кейбіреуі тіпті шпагатқа да оп-оңай отырады.
69 жастағы Айдарбек Бегеновтің каратэге ден қойғанына 3-ақ жыл болды. Қария аяғымен соққы жасағанда жастардың өзі бас шайқап таңғалады. Зейнеткер – қазір қоңыр белбеудің иесі.
Айдарбек Бегенов, қала тұрғыны:
- Каратэ деген адамды тәрбиеге үйретеді. Одан кейін каратэнің бір қызығы, жасың келген сайын, ақылың көбейген сайын мұнымен айналысудың пайдасын тезірек түсінесің. Сондай өзінің айырмашылығы бар.
Бұл үйірмеге тұрақты түрде 15 адам қатысады. Оларды жаттықтыратын Людмила Бутенконың өзі каратэге 40 жасында аяқ басқан. Содан бері қара белбеудің үшінші данына жетті.
Людмила Бутенко, жаттықтырушы:
- Көбінің созылмалы ауруы бар. Мысалы, Борис Дмитрийұлы келген кезде 95 келі болды. Жарты жылдың ішінде салмақ тастап, денсаулығын жақсартып алды. Ол жаттығудың бірде-бір күнін өткізген жоқ.
Қариялар босқа жаттығып қана қоймай, өздері арасында ұйымдастырылатын жарыстарға да қатысып тұрады. Ал 2 каратэші – спорт шеберіне үміткер.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.