Таеквондодан Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасында 2 күміс, 1 қола

2 күміс, 1 қола. Қазақстан құрамасы таеквондодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында осындай нәтижеге қол жеткізді.

Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында өткен турнирге 129 елден 15 пен 17 жас аралығындағы мыңға жуық спортшы қатысты. Жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында өте жақсы өнер көрсеткен спортшымыздың бірі Нұрәлі Махмұт болды. Ол 5 жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда тек ирандық спортшыға есе жіберді. Бірақ Нұрәлінің көптеген соққылары есепке алынбады, дейді командамыздың аға жаттықтырушысы Нұрболат Жаңбыров. Оның айтуынша, жекпе-жек кезінде электронды қорғаушылар бірнеше рет жұмыс істемеген.

Нұрболат Жаңбыров, таеквондодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:

- Махмұд Нұрәлі таза алтын медаль алды деп айтуға болады. Себебі финалдық бәсекелесте басқа тиген соққыны төрешілер ұпайын бейне реплэй жасады. Содан кейін ұпай болған жоқ деп карточканы алып қойды. Одан кейін тағы да 4 рет тиген соққыда электронды жүйе жанбады.

Нұрәлі Махмұт, таеквондодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Негізі өзім юниорға енді кірдім. Бірінші жылым болғандықтан орын алу қиын болады деп ойлағанмын. Бірақ өзімді қолға алып, 6 бой ойнадым, финалға барып 2 орын алдым.

Қызылорда облысының тумасы Нұрай Қазынабек те күміс медаль иеленді. Ал қоланы құрамамызға Теміржан Тасқын әкелді. Ол бұл спортпен 8 жасынан айналысады. Нұрай мен Теміржан үшін биылғы әлем чемпионаты олардың мансабындағы ең табысты кезең болды.

Нұрай Қазынабек, таеквондодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Маған осы жолы жартылай финал мен финал ауыр соқты. Жартылай финалдағы қыз ауыр болды. Финалға енді бір қадам жетпей қалды.

Теміржан Тасқын, таеквондодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- Осы әлем чемпионатында өзімді сәл жақсырақ сезіндім деп ойлаймын. Себебі бірінші Әлем чемпионатында кішкене қобалжыдым, дұрыс шыға алмадым. Екінші айналымда ұтылып қалдым. Қазір осы Әлем чемпионатымда жартылай финалға дейін бардым. Иран елінің спортшысына ұтылып қалдым. 

Бір қызығы, Қазақстан құрамасының күміс жүлдегерлері Нұрәлі мен Нұрайдың егіз ағасы мен апайы бар. Мұхамедәлі Махмұт пен Тоғжан Қазынабек мықты спортшылар, бірақ бұл чемпионатта жолы болмады. Дегенмен жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат Жаңбыров шәкірттерінің нәтижелеріне риза. Бапкердің айтуынша жас таеквондошыларымыз жеңіске жету үшін соңғы секундқа дейін аянбай күрескен. Жаттықтырушы: «Енді елге оралған соң спортшыларымыздың жекпе-жектерін тағы бір саралап, жіберген қателіктермен жұмыс істейміз», - дейді. 

 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян