Ж. Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Әмір Омарханов ITF Juniors турнирінде кезекті рет топ жарды. Жасөспірімдер арасындағы әлемдік аламан бұл жолы Қытайда өткен болатын. Еліміз атынан шыққан Әмір Омарханов барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, финалда ұлыбританиялық Оливер Бондингпен жолықты. Бірінші сет тай-брейкке дейін созылып, Бондинг алға шықты. Алайда жерлесіміз кейінгі екі партияны 6:0 және 6:4 есебімен аяқтап, жеңісті жұлып алды. Айта кетейік, Әмір жасөспірімдер арасында еліміздің 1-ші, ал әлемнің 15-ші ракеткасы. Дәл осы жеңісінен кейін, тіпті  алдыңғы 10-дыққа кіруі керек. Әмір ITF Juniors турнирлерінде бұған дейін 5 рет жеңіске жетті. Атап айтқанда, Таиландта, Кореяда, Мысырда, Грузияда және өзінің туған жері Қарағандыда өткен жарыстарда жеңімпаз атанған болатын.

УЕФА рейтингінде екінші орындамыз    

Қазақстан екінші орында. Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы футзал бойынша рейтингті жаңартты. УЕФА мамандары бұл жолы Ташкентте өткен әлем чемпионатының нәтижесін негізге алған болатын. Оның қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы 2 саты жоғарылап, Кәрі Құрлық командалары арасында екінші орынға жайғасты. Нақтырақ айтқанда, Рикардо Кака баптайтын жігіттер  Испания және Ресей құрамаларын басып озды. Ал топ басында Португалия құрамасы тұр. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2016 жылғы еуропа чемпионатында қола жүлде жеңіп алған еді. Ал 2018 және 2021 жылғы әлем чемпионаттарында жартылай финалға дейін жетті. Биылғы Еуропа және Әлем  чемпионатында да өте жақсы өнер көрсетіп, ширек финалға шықты. Яғни алдыңғы 8 команданың қатарына кірді деген сөз.

Бразилия әлем чемпионы атанды

Аталмыш әлем чемпионатының бас жүлдесін оңтүстік америкалы қос құрама сарапқа салды. Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында Бразилия және Аргентина командалары жолықты. Тартысты өткен матч алғашқысының жеңісімен аяқталды. Қорытынды есеп: 2:1. Бразилия сапынан Феррао мен Рафаэль, ал Аргентина сапынан Роса мергендігімен көзге түсті. Осылайша, Бразилия алтын, Аргентина күміс медаль жеңіп алды. Қола жүлде Украина жігіттеріне бұйырды. Олар ақтық сында Франция командасын айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 7:1. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы да бұл чемпионатты өте сәтті бастаған. Бірақ ширек финалда Аргентина құрамасынан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. 

Қазақстан-Австрия матчына дайындық

Ал футболдан ұлттық құрама жігіттер кезекті кездесуге дайындықты бастады. Станислав Черчесов баптайтын жігіттер 10-шы қазан күні Австрия командасымен жолығады. Ұлттар лигасы аясындағы матч сырт алаңда, нақтырақ айтқанда, Линц қаласында болады. Қазақстандық жігіттер кеше ғана Кремс-на-Дунау қаласына жетті және қазір мачт алдындағы дайындықты пысықтап жатыр. Қазақстан мен Авсрия арасындағы матч алдағы бейсенбі күні біздің уақытпен 23:45-те басталады. Араға 3 күн салып жерлестеріміз Алматы қаласында Словения құрамасын қабылдауы қажет. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бүгінге дейін 1 ғана ұпай жинады және өз тобының ең соңғы сатысында тұр. Нақтырақ айтқанда, ұлтар лигасы аясындағы алғашқы мачта Норвегиямен тең түстік. Артынша, сырт алаңда Словениядан 3:0 есебімен ұтылдық. 

Ж. Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Бұл белес те артта қалды. Біз ары қарай кеттік. Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегінен кейін әлеуметтік желіге осындай жазба қалдырды. Айта кетейік, ол бірер күн бұрын жаңазеландиялық Андрей Михайловичті  нокаутпен ұтқан болатын. Соның арқасында, WBO және IBF нұсқалары бойынша чемпиондық атақтарын қорғап қалды. Ал енді кіммен кездесері белгісіз. Жәнібектің өзі осы жекпе-жек алдында WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы доминикандық Карлос Адаместі рингке шақырған болатын. Оның барысында арнайы келісімшарт күтетінін жеткізді және айқасты қаңтар немесе ақпанда ұйымдастырайық деген ұсыныс тастады. Яғни Жәнібек енді Карлос Адамеспен кездесіп, тағы бір чемпиондық белдікті иемденгісі келеді. Жерлесіміз бүгінге дейін кәсіпқой рингте 16 жекпе-жек өткізіп, 16 рет жеңіске жетті. Оның 11-інде нокаут тіркелді.