Бұқаралық спортты қалай дамытамыз?

Бұқаралық спорт ұлт саулығының кепілі ғана емес, азаматтардың танылмаған талантын ашатын құрал.

Әлемде кәсіби спортқа көшеден келгендер көп. Сол үшін бұл бағытқа көбірек көңіл бөлуді кез келген азамат құптайды. Елде жыл сайын бұқаралық спортты дамытуға 35 млрд теңге бөлінеді. Саланың серпілісіне бұл қаржы жеткілікті ме? Жалпы өзге мемлекеттердің тәжірибесі қандай?    

Бекзат Аманов, тілші:

- Осы қаржыландыру ісінде қайшылық көп. Жылдар бойы сала мамандары ақшаның аздығын айтып жүр еді. Жақында ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі тың деректермен бөлісті. Өзіңіз айтқандай бізде бұқаралық спортқа 35 млрд теңге бөлінеді. Бірақ бұл кәсіби спортқа бөлінген қаржымен салыстырғанда 9 есе аз. Ал халқы бізбен шамалас Нидерланды мемлекетін мысалға алсақ, олар керісінше бұқаралық спортына көбірек көңіл бөледі. 500 млн долларға жуық қаржы құяды екен. Ең қызығы, осы мемлекеттің кәсіби спорттағы жетістігі бізден әлдеқайда көп. Әлемдік ірі додаларда атлеттері жеңіс тұғырына жиі шығады. Нидерландымен салыстырғанда Қазақстан кәсіби спортына 3 есе көп, бірақ  бұқаралық спортқа 7 есе аз жұмсайды. Бұл нені білдіреді? Назарды бұқараға аудару арқылы біз бір оқпен екі қоянды ала аламыз. Бұқаралық спорттың қазіргі жағдайын сандармен түсіндіре кетсек. Қазір елде 8 млн азамат спортпен шұғылданады. Оның 3 млны ауылдағы ағайын. Ал балалар мен жасөсіпірімдер үлесі 3 млн 800 мың. 

Бұқаралық спорт

Шұғылданатын халық – 8 млн

Ауыл азаматтары – 3 млн

Балалар мен жасөспірімдер – 3 млн 800 мың  

Балалар демекші, осы өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Қазір Қазақстанда 510 спорт мектебі бар. Мұнда 403 мыңнан астам бүлдіршін тегін оқиды. Спорттағы дарынды балаларға арналған 14 облыстық және 5 республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернаттары-колледждері бар. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыс арқылы 7 мың спорт секциясы жұмыс істейді. Мұнда 230 мың бала тегін шұғылданады. Көріп отырғандарыңыздай, бүлдіршіндер спортпен аулада айналысса да болады. 

Спорт мектебі – 510

Облыстық олимпиадалық резерв – 14

Республикалық олимпиадалық резерв – 5

Мемлекеттік тапсырыс – 7 мың спорт секциясы 

Енді сарапшылардың пікіріне кезек берсек. Спорттың айналасында жүрген кей маман инфрақұрылымммен қатар, үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізу керек дейді. Соның бірі ережесіз жекпе-жектен еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметов.  

Айдар Махметов, сарапшы:

- Олимпиадалық спорт түрлері гимнастика, спорто ату сынды жарыстарға көп келмейді. Меніңше, қызығушылық бар. Бірақ үкіметтік деңгейде жақсы пиар жағынан бағдарлама болса, қызығушылық бұдан жоғары болатын еді. 

Қазір елдегі бұқаралық спорттың жай-күйі осындай.