Қазақстанның футболдан жастар құрамасы Шотландияны ұтты

Қазақстан Шотландияны ұтты.

Футболан ересектер жіберіп жатқан есемізді жастар қайтарды. 2025 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу аясында 21 жасқа дейінгі ұлттық құрамамыз Алматы қаласында Шотландия командасын қабылдаған болатын.   Ойынды қонақтар белсенді бастады. Десе де 30-шы минутта Қазақстан сапындағы Айбар Абдулла есеп ашып, жанкүйерлерді қуантты және дәл осы нәтиже бірінші кезең соңына дейін өзгермеді. Ал, екінші таймда шотландиялық Леннон Миллер таразы басын теңестірді. Артынша командаласы Дейн Маррей ережені өрескел бұзып, жасыл алаңнан қуылды. Ал, Әділбек Жұмаханов осы мүмкіндікті сәтті пайдаланып, айып добын голға айналдырды. Көп ұзамай тағы бір қазақстандық Ян Труфанов есепті 3:1-ге жеткізсе, қонақтар қатарындағы Жереми Мюллен есеп айырмасын қысқартып үлгерді. Қорытынды нәтиже 3:2. Айта кетейік, наурыз айында сырт алаңда қос команда арасында өткен алғашқы мачта шотландықтар 4:1 есебімен жеңген болатын. Сонымен іріктеу кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасы 9 ұпай еншілеп, өз тобында 5-ші сатыға тұрақтады. Шотландия үшінші орында. Ал топ басына Испания жайғасты және дәл осы команда 2025 жылғы құрлықтық додаға тікелей жолдама алды.

Ә. Барменқұлов: Черчесов қызметінен кетпейді

Черчесов қызметінен кетпейді. Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов жауап қатты. Ол Матч тв арнасына берген сұхбатында бас бапкерді әзірге жұмысынан алмайтынын мәлімдеді. «Ұлттар Лигасындағы нәтижемізді жақсы білемін. Десе де Станислав Черчесовті қызметінен алу туралы ойлаған да жоқпын. Бас бапкердің өз міндеттері бар және оны біртіндеп орындап жатыр» - деді  Әділет Барменқұлов. Оның айтуынша, ресейлік маман тек ересектер құрамасын жаттықтырып қана қоймай, жастар және жасөспірімдер құрамасына да бағыт сілтейді. Нақты тапсырма бар. Соған сәйкес, жұмыстар жүргізілуде деді. Айта кетейік, УЕФА Ұлттар лигасы аясында Қазақстан құрамасы 4 ойын өткізіп, оның 3-еуінде есе жіберді. Бір кездесу тең ойнадық. Қарсыластар қақпасына әлі бірде-бір гол соға алмадық. Нәтижесінде, өз тобымыздың ең соңғы сатысына сырғыдық. Бірінші орында Норвегия. Одан кейін Австрия мен Словения келеді. Барлығында да 7 ұпайдан. Қазақстан құрамасы енді кезекті кездесуін 14 қарашада өткізеді. Елімізге Австрия құрамасы келеді. Ал 17 қарашада сырт алаңда Норвегия командасымен жолығамыз.

Теннистен халықаралық турнир

Шевченко Кукушкинді жеңді. Алматы қаласында теннистен АТР 250 санатындағы халықаралық турнир жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қос қазақстандық спортшы өзара мықтыны анықтады. Әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко мен әлемдік рейтингіде 111-ші орында тұрған Михаил Кукушкин жолықты.  Кездесу 2 сағат 23 минутқа созылды және 7:6, 7:6 есебімен аяқталды. Жеңіске жеткен Шевченко енді ширек финалға шығу үшін әлемдік рейтингте 139-шы сатыда тұрған ресейлік Аслан Карацевпен кездеседі. Тағы бір қазақстандық Бейбіт Жұқаев та екінші айналымға шықты. Ол ливандық Бенджамин Хассанды айқын басымдықпенұ тты. Қорытынды есеп: 6:4, 6:1. Келесі қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі қазақстандық Тимофей Скатов және чехиялық Томаш Махач кездесуіндегі жеңімпазбен жолығады. Бұған қоса жұптық сында қазақстандық Тимофей Скатов пен Александр Шевченко да сәтті өнер көрсетіп, ширек финалға жолдама алды. Олар америкалық Эван Кинг және Риз Штальдер жұбын 6:1, 7:6 нәтижесімен ұтты. Алматы қаласындағы теннис турнирі 20-шы қазанға дейін жалғасады. Ал, оның жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ доллардан асады.

Жастар арасындағы іріктеу жарысы 

Барлық іріктеу әділ өтуі керек. Тіпті, аудандық не қалалық деңгейдегі жарыстардың өзінде бұрмалаушылыққа жол беруге болмайды. Қазақстан бокс федерациясының осы бастамасын өңір-өңірдегі мамандар да қолдап жатыр. Жоғарыдағыдай форматтағы іріктеу бәсекелерінің бірі дәл қазір елордада өтуде. Бұнда жастар арасындағы қалалық чемпионат ұйымадстырылып, оған 100-ге жуық қатысушы жиналды. Олар енді 4 күн бойы 14 салмақ дәреждесінде өзара мықтыны анықтайды. Жеңіске жеткендері жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Айта кету керек, Астапнадағы жарысқа тек мамандандырылған спорттық мектеп шәкіртері ғана емес, бұған қоса, жеке бокс клубының өрендері де қатысуға мүмкіндік алды. Ашық және әділ төреліктің нәтижесінде талантты балалардан ұлттық құрама жасақтап, халықаралық, құрлықтық және әлемдік аламандарда ел намысын абыроймен қорғай аламыз дейді мамандар.

Мәулет Мұстафин, жаттықтырушы