Дзюдодан әлем чемпионаты: Қазақстан әскерилері жеңіс тұғырынан көрінді
Бүгін Өзбекстан астанасында әскерилер арасында дзюдодан 42-ші әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Онда әлемнің 29 елінен 200-ден астам татами шебері бақ сынап жатыр. Байрақты бәсекенің ашылу рәсіміне Қазақстан қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысты. Жарыста ел намысын 16 спортшымыз қорғап жатыр. Бұл жолы талай айтулы аламанда олжа еншілеген Нұрқанат Серікбаев, Бауыржан Нарбаев, Жанарыс Рахметқали, Ғалия Тыныбаева және Бақыт Құсақбаевалар әскерилер арасындағы бәсекеде топ жармақ ниетте. Чемпионаттың алғашқы күні қоржынымызға 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль түсті. Әуелі Нұрқанат Серікбаев 60 келі салмақта топ жарды. Ол финалда командаласы Шерзод Давлатовтан басым түсті. Екеуара кездесу өте тартысты өтті. Негізгі уақытта тең түскен қос дзодошы жеңімпазды қосымша уақытта айқындады. Осылайша, ең жеңіл салмақта екі бірдей балуанымыз ақтық сынға дейін қарсылас шақ келтірмей, алтын мен күмісті өзара бөліп алды.
Нұрқанат Серікбаев, дзюдодан әскерилер арасында әлем чемпионы:
- Әскерилер арасында әлем чемпионы болып отырмын. Көңіл күйім көтеріңкі. Жеңістің дәмін әлі сезе алмай тұрмын. Мықты балуандармен шықты. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері моңғол және кәріс балуанымен шықтым. Сосын италиялық балуан болды. Финалда қазақ бауырыммен шықтым. Екеуміздің сыйластығымыз зор.
Айта кетейік, әскери қызметшілер арасында дзюдодан әлем чемпионаты 18 қазанға дейін жалғасады. Жарыстың бірінші күні белдескен Жанарыс Рақметқали Қазақстан қоржынына тағы бір жүлде салды. Қола медаль үшін кездесуде ол солтүстіккореялық дзюдошыны жеңді. Кейін татами төріне көтерілген 73 келідегі Бақытжан Абдурахманов та армениялық қарсыласынан басым түсіп, үшінші орынға ие болды. Енді ертең жоғары салмақтағы отандастарымыз өнер көрсетеді.
Ербол Құмарбекұлы, ҚР Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы:
- Бұл – біздің батырымыз Елдостың інілері. Серікбаев пен Давлатов жоғары өнер көрсетті. Бұл жігіттер әлі үлкен жарыстарда алтын медаль әкеледі деген ойдамыз. Бұған қоса Мемлекет басшысы тарапынан қазақ күресінің дамуына қолдау көрсетіліп жатыр. Енді келер жылы біздің елде әскерилер арасында қазақ күресінен әлем біріншілігі өтеді.
Арман Абеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы:
- Тағы да 3 күн өтеді. Оның ішінде ауыр салмақтың балуандары бар. Сосын командалық жарыстар болады. Тағы медальдар күтеміз.