Қазақстанда 2000-нан астам мүмкіндігі шектеулі жан шахматпен айналысады
Елде 2500-ден астам мүгедектігі бар адамдар кәсіби түрде шахматпен айналысады.
Олардың арасында тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту және көру мүшелері зақымданған ересектер мен жасөспірімдер бар. Көпшілігі республикалық және халықаралық санаттағы спорт шеберлері атанған.
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы шахмат еліміздің барлық аймағында дамыған. Спорттың бұл түрін қолдайтын Федерация да бар. Спортшылар саны да артып келеді. Әсіресе жас спортшылар көшбасшылар қатарынан көрініп жүр. Солардың бірі астаналық Нұрғиса Қуанышұлы, жақында ғана Үндістандағы әлем чемпионатында қол жүлдені иеленді. Бұл оның алғашқы халықаралық жарысы.
Нұрғиса Қуанышұлы, шахматшы:
- Наурыз айында Тараз қаласында мен ҚР чемпионатында бірінші орын алдым және әлем чемпионатқа ұсыныс келді. Маған Үндістанда өте қиын болды. Бірақ мен бар күшімді салып, жеңіске жеттім.
Нұрғиса Астанадағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шахмат клубына 7 жасынан қатысады. Ол көру мүшесі зақымданған спортшылар қатарында. Мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдардың 3 категориясы да жаттығады. Яғни тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту және көру қабілеті зақымданған спортшылардың 30-дан астамы келіп жүр. Олардың тең жартысы түрлі чемпионат жүлдегері дейді жаттықтырушы Сағымбай Болысбекұлы.
Сағымбай Дәуренбеков, Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шахмат клубының жаттықтырушысы:
- Осы қазан айының 2-сі күні мен деген спортшылармен Ақтау қаласынан командалық чемпионаттан келдім. Есту мүшелері зақымдалған спортшылар арасында, сол жерде біздер жалпыкомандалық 2 орын алдық.
Осындай жыл сайын өтетін республикалық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткендер ұлттық құрамаға іріктеліп, халықаралық жарыстарға шығады. Ұлттық құрамада қазір көру мүшесі зақымданған 14 ересек және 9 жасөспірім, тірек-қимыл аппараты бұзылған жалпы 11 және есту қабілеті нашар 29 спортшы бар.
Зинятқыз Нүсіпбаева, Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы шахматтан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы:
- Ұлттық құрамаға енгендер міндетті түрде оқу-жаттығу жиындарынан өтеді. Осылайша оларға халықаралық жарыстарға жолдама беріледі. Онда жүлделі орын алғандар штатқа алынып, спортшыларға арнайы төлем бөлінеді. Шахматшыларымыз бірнеше рет Азиялық параойындар, сурдоолимпиядалар мен Азия және әлем чемпиондары атанып келеді.
«Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ең қолжетімді спорт түрі осы шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді үстел ойындары», – дейді Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Зиянат Нүсіпбаева. Сондықтан, саланы дамыту мен спортшыларға қолдау жұмыстарына көбірек көңіл бөлінгенін қалайды. Себебі сенімді ақтайтындар қатары жылдан жылға артып келеді.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Асхат Қарақойшиев