Әлем чемпионатына кімдер қатысады?
Нұрқанат Серікбаев – әлем чемпионы. Қазақстандық дзюдошы әскерилер арасындағы дүниежүзілік додада топ жарды.
Байрақты бәсеке Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатыр. Оған 29 елден 200-ден аса қатысушы жиналды. Араларында 16 ұлттық құраманың өкілі бар. Әсіресе, ең жеңіл салмақтағы Нұрқанат Серікбаев барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионы атанды. Айта кету керек, финалда тағы бір қазақстандық Шерзод Давлатовпен жолықты. Яғни, қос қазақ бас жүлдені сарапқа салды. Ақтық белдесу өте тартысты өтті және негізгі уақытта екеуі тең түсті. «Ал қосымша уақытта дзюдо тілінде голден скор», – дейді Нұрқанат жеңіске жетті.
Нұрқанат Серікбаев, дзюдодан әскерилер арасында әлем чемпионы:
- Әскерилер арасында әлем чемпионы болып отырмын. Көңілкүйім көтеріңкі. Жеңістің дәмін әлі сезе алмай тұрмын. Мықты балуандармен шықты. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері моңғол және кәріс балуанымен шықтым. Сосын италиялық балуан болды. Финалда қазақ бауырыммен шықтым. Екеуміздің сыйластығымыз зор.
Осылайша, ә дегеннен ұлттық құрама қоржынына 1 алтын және 1 күміс түсті. Бұған қоса, 66 келідегі Жанарыс Рақметқали мен 73 келідегі Бақытжан Абдурахманов қола жүлде еншіледі. Жанарыс ақтық айқаста солтүстіккореялық дзюдошыны жеңсе, Бақытжан армениялық спортшыдан басым түсті. Енді бүгін орта және жоғары салмақтағы отандастарымыз татамиге шығып, жеңіс жолын жалғасытруға тырысады. Ташкент қаласындағы Азия чемпионаты 18-ші қазанға дейін жалғасады.
Ербол Құмарбекұлы, ҚР Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы:
- Бұл біздің батырымыз Елдостың інілері. Серікбаев пен Давлатов жоғары өнер көрсетті. Бұл жігіттер әлі үлкен жарыстарда алтын медаль әкеледі деген ойдамыз. Бұған қоса, мемлекет басшысы тарапынан қазақ күресінің дамуына қолдау көрсетіліп жатыр. Енді келер жылы біздің елде әскерилер арасында қазақ күресінен әлем біріншілігі өтеді.
Арман Абеуов, Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:
- Тағы да 3 күн өтеді. Оның ішінде ауыр салмақтың балуандары бар. Сосын командалық жарыстар болады. Тағы медальдар күтеміз.
Төрехан Сабырхан бастаған жігіттер ел намысын қорғайды. Бірер күннен кейін Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты басталады. Халықаралық бокс федерациясы күнтізбесіндегі жарысқа ұлттық құрамамыз да қатысады. Осы орайда Қазақстан бокс федерациясы шаршы алаңға шығатын спортшылардың тізімін жариялады. Жерлестеріміз дүниежүзілік додада 13 салмақта бақ сынайды. Команда капитаны – Төрехан Сабырхан. 67 келіде өнер көрсететін жерлесімізден мамандар зор үміт күтеді. Өйткені ол бұған дейін 4 рет Азия чемпионатын ұтқан. Енді әлемдік аламанда чемпион атануға тырысады. Бұған қоска, жеңіл салмақтарда Диас Берікбай, Бексұлтан Боранбек, Бауыржан Мұратов және Жансері Көшербаев жұдырықтасады. Орта салмақтарда Алексей Хаванцев, Ахмет Үсен, Өнер Сейілхан және Санжарәлі Бегалиев тізімге ілікті. Ал ауыр және аса ауыр салмақтарда Мадияр Бексұлтанов, Бақытжан Айтмұханов, Расул Асанханов және Аслан Еділбайұлы өнер көрсетеді. Мақсат Бақтыбазаров баптайтын ұлдар қазір Алматы қаласында жаттығуды пысықтап жатыр және бірер күннен кейін жолға шығады. Ал әлем чемпионатының өзі 23 қазан мен 3 қараша аралағында өтеді.
Теннистен халықаралық турнир
Шевченко ширек финалға шықты. Алматы қаласында теннистен АТР 250 санатындағы халықаралық турнир жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық Александр Шевченко ресейлік Аслан Карацевті жеңді. Айта кету керек, Шевченко қазір әлемдік рейтингте 61-ші, ал, Карацев 139-шы орында. Сәйкесінше, матч барысында жерлесіміз айқын басымдық танытты. Қорытынды есеп: 6:1, 6:7 және 7:5. Енді Александр аргентиналық Франсиско Серундоломен жолығып, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Тағы бір қазақстандық Бейбіт Жұқаев та жарыс жолын жалғастырып жатыр. Ол екінші айналымға жолдама алды. Келесі қарсыласы әзірге белгісіз. Бұған қоса, жұптық сында қазақстандық Тимофей Скатов пен Александр Шевченко да сәтті өнер көрсетіп, ширек финалға өтті. Олар америкалық Эван Кинг және Риз Штальдер жұбын 6:1, 7:6 нәтижесімен ұтты. Алматы қаласындағы теннис турнирі 20-шы қазанға дейін жалғасады. Ал, оның жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ доллардан асады.
Отандық футболдың көкейкесті мәселелері
Аймақтар футболды дамытып жатқан жоқ. Тек бюджетті игерумен айналысып жатыр. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов мәлімдеді. Кейінгі кезде кеңінен талқыланып, қоғамның ашуын туғызған мәселелер Мәжіліс қабырғасында көтерілді. Әділет Барменқұлов негізгі проблема өңірлерде екенін жеткізді. Әсіресе, әр облыс бюджетінен бөлінетін 1 млрд 200 млн теңгенің негізсіз екенін жеткізді және жалпы осы көрсеткіштің қайдан шыққанын түсінбейтінін алға тартты. Тіпті ауаға ұшқын ақша деген баға берді. Өйткені ол ешқандай түйіткілді шешуге жұмсалмайды. Жалпы аймақ басшылардың футболды дамытуға қатысты нақты бағдарламасы мен жоспары жоқ. Тек жоғары лигадан шығып қалмау не алдыңғы бестікке қалайда кіру сынды мақсаттар қойылады. Ал енді футбол жүйесін ретке келтіріп, инфрақұрылымды дамытып, оған балалар мен жасөспірімдерді тартумәселелері назардан тыс қалуда. Сондықтан бюджеттен шыққан әр теңге тиімді қолданылып, оның есебі беріліп отыру керек деді Барменқұлов.
Әділет Барменқұлов, қазақстан футбол федерациясының президенті:
- Футболға бөлінген қаржы тиімді пайдаланылуы тиіс. Осы мақсатта біз өз тарапымыздан арнайы бағдарлама жасап, өңірлерге ұсынып жатырмыз. Бұған қоса, сарапшылар комиссиясын құрып, олардың да көмегіне жүгінбекпіз. Бюджеттен шыққан әр теңгенің есебі болу керек.
Бұған қоса, жиын барысында келісілген матчтар мәселесі де сөз болды. Халықаралық «Спорт-радар» компаниясы 2022 жылы Қазақстанды ұйымдасқан ойындар өткізуден әлем елдері арасында алдыңғы ондыққа қосқан. Қазір жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл пролемаға білек сыбана кіріп, арнайы тексерістер жүргізіп жатыр. Ал, отандық футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов УЕФА-ға хабарласып, қосымша тексеріс департаментін құруды сұраған. «Осындай кешенді шаралар және қатаң бақылаулар ғана келісілген ойын факторларына түбіне балта шаба алады», – дейді мамандар.