Шетелдік спортшылар мәселесі заңмен бекітіледі

Қоржынымызға тағы қос қола түсті. Ташкент қаласында дзюдодан әскерилер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық Екатерина Токарева мен Кәмила Берліқаш өз салмақ дәрежелерінде үздік үштікті түйіндеп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Айта кетейік, жарыстың алғашқы күні қазақстандық Нұрқанат Серікбай әлем чемпионы атанған болатын. Бұған қоса сол күні жерлестеріміз 1 күміс пен 2 қола жеңіп алды.

АТР 250: Бейбіт Жұқаев ширек финалда

Бейбіт Жұқаев ширек финалда. Алматы қаласында теннистен АТР 250 санатындағы халықаралық турнир жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық Бейбіт Жұқаев чехиялық Томаш Махачты жеңді. Кездесу уақытынан бұрын аяқталды. Яғни, 3:1 есебімен Бейбіт алға шыққан кезде қарсыласы денсаулығына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты. Осылайша, қазақстандық спортшы келесі кезеңге жолдама алды.

Айта кету керек, Бейбіт кәсіпқой мансабында алғаш рет АТР турнирінің ширек финалына шығып тұр. Яғни, өзі үшін тарихи жеңіс саналады. Ал ендігі қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі, ресейлік Карен Хачанов және финляндиялық Отто Виртанен кездесуінің жеңімпазымен жолығады.

Еске сала кетейік, осының алында тағы бір қазақстандық Александр Шевченко да қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұған қоса жұптық сында қазақстандық Тимофей Скатов пен Александр Шевченко сәтті өнер көрсетіп, ширек финалға өтті. Олар америкалық Эван Кинг және Риз Штальдер жұбын жеңді. Алматы қаласындағы теннис турнирі 20 қазанға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ доллардан асады.

 

Азия чемпионатында топ жарды

Қоржынымызда 10 медаль. Оның 4-еуі – алтын. Астаналық спортшылар эстетикалық топтық гимнастика бойынша құрлықтық додадан осындай олжамен оралды.

Азия чемпионаты Гонконгта өтті. Оған 13 мемлекеттің өкілдері келген. Қазақстан құрамасы балалар, жасөспірімдер және ересектер санатында да сәтті өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе 14-16 жас аралығындағы гимнасшылар бәсекесінде елордалық Рауана Әлібекова, Аиша Мұхитбекова және Варвара Кондратенко бастаған 10 қыздан құралған топ ең үздік нәтижені тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Дәл осылай қазақ қыздары  8-10 жастағы, 10-12 жастағы және 12-14 жастағы қатысушылар санатында да жеңіске жетті. Ересектер арасында астаналық командалар 1 күміс және 1 қолаға қол иемденді. Атап айтқанда, Ақерке Оңғарбай, София Жаркенова, Адина Қабдола, Айғаным Мұхамеди және Дамиля Санатова сынды спортшыларымыз ерекше қабілетімен көзге түсіп, төрешілердің жоғары бағасын алды.

 

Шетелдік спортшылар мәселесі заңмен бекітіледі

Қазақстан азаматы емес спортшыларға мемлекеттік бюджеттен бір теңге де бөлінбейді. Бұған қоса квазимемлекеттік сектордан да шетелдік атлеттерді қаржыландыру толықтай тоқтатылады. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мәлімдеді. Ол қазір Спорт және дене шынықтыру туралы заң жобасының жұмыс тобына жетекшілік етеді. Құжатты қарастыру барысында ел аузында легионер атанып кеткен шетелдік спортшыларға қатысты арнайы норма енгізілгенін алға тартты. Оны депутаттар бірауыздан қолдаған. Енді заңға сәйкес басқа елден келген спортшылардың  жалақысы да, бонустары да, тіпті трансфер төлемдері де қазынадан қаржыландырылмауға тиіс.

Депутаттың айтуынша, заң жобасына отандық спорттағы түйткілдерді шешетін осындай 51 норма енгізілді және арнайы қорытынды алу үшін Үкіметке жолданды. «Бұл өзгеріс бюджеттен қосымша шығынды қажет етпейді. Керісінше, көп қаржы үнемделеді және сол ақшаны балалар мен жасөспірімдер спортына беру керек», – дейді Нартай Сәрсенғалиев.