Қазақтан шыққан тұңғыш желаяқ Әмин Тұяқовтың құрметіне марафон өтті

Ақтауда қазақтан шыққан тұңғыш желаяқ Әмин Тұяқовтың құрметіне орай жүгіруден марафон өтті.

Қатысушылар 4 түрлі шақырым бойынша өзара мықтыны анықтады. Салауатты өмір салтын насихаттап, бұқараның ауызбіршілігін танытқан іс-шара.

Бұл күні маңғыстаулық жас пен жасамыш таң алакеуімнен теңіз жағасына жиылды. Арнайы киім киіп, бес қаруын сайлап келген олар жүгіруден өзара мықтыны анықтамақ. Биылғы іс-шара осы өңірдің тумасы, алты Алашқа аты жайылған даңқты спортшы Әмин Тұяқовтың құрметіне арналды. Оған еліміздің әр түкпірінен 1300-ден аса спортшы қатысты.

Ақтоты Файзуллаева, ұйымдастырушы:

- Биылғы марафон өзгеше. Олай дейтініміз, қатысушылар 5, 10, 21, 42 және 195 шақырымды еңсерулері тиіс. Әсіресе 42 және 195 шақырым жарыс бағдарламасына алғаш рет енгізілгенін айта кету керек.  

Жеңіл атлетика тарихында Әмин Тұяқовтың есімі айрықша аталады. Атақты желаяқ 60-жылдары Олимпиадада әлем рекордын бірнеше мәрте жаңартқан адам. Аға буынның ерлігі мен ұлағатын кейінгі ұрпақ ұмытпайды. Оған жарысқа келген жастардың ынта-ықыласы дәлел. 

Бекарыс Көптілеуов, жарысқа қатысушы:

- Жалпы біздер 2 жыл болды қатысып жүргеніме. Өте жиі қатысамыз. Көңілді керемет. Осындай марафондар жиі ұйымдастырылып тұрсын дейміз. Бұл енді спорттық мереке, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін. 

Салауатты өмір салтын насихаттайтын бұл іс-шара отбасылық мерекеге айналғандай. Спорттық сайыстан бөлек, тұрғындар концерттік бағдарламаны тамашалап, мәре-сәре болды.

Назерке Тоқжан, Ренат Дусалиев