Қазақстандық гимнасшылар Азия чемпионатында топ жарды

Эстетикалық топтық гимнастикадан ел құрамасы Азия чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды 24kz.

Гонконгте өткен құрлықтық бәсекеде жеткіншектер командасы басты бәсекелес Жапония спортшыларын басып озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 16 жастан асқандар сайысында отандық гимнасшылар 2-ші және 3-ші орындарды иеленді. Бұрымдылардың асқан икемділігі мен ырғақты қозғалысы үйлесім табуы тиіс ұжымдық спорт бойынша Қазақстан Азия аумағында ең жас құрама болып есептеледі. Эстетикалық топтық Гимнастика федерациясы құрылған 5 жылдың ішінде 150-ден астам өрімдей қыз спорт шебері атанып үлгерген. Қазіргі таңда аталмыш спорт түрімен шұғылданатындардың саны 2 мыңға жуықтап қалды. Федерация республиканың түкпір-түкпірінде әсіресе шалғай ауылдарда гимнастиканы дамыту бойынша ұлттық жобаны қолға алып отыр.

Айгерім Арпабаева, Қазақстан Эстетикалық топтық гимнастика федерациясының вице-президенті:

- Келесі Азия чемпионаты 2026 жылы Астана қаласында өткізсек деп жоспарлап отырмыз, біздің қыздар соған дайындалып, 1-орын алып, жақсы нәтиже көрсетеміз деген ниеттеміз. Эстетикалық топтық гимнастикаға 4-6 жастан аламыз. Балалар 8 жаста да келіп жатады. Содан кейін эстетикалық гимнастика 2-ге бөлінеді: ұзын және қысқа бағдарлама. Ата-аналар қарап отырса, әрине, бізге келіңіздер. Өте әдемі спорт түрі.