«Барыс» клубы Беларусьтің «Динамосын» жеңді

Басшысы мен бапкерін ауыстырып, құрамын легионерлерден тазартып жатқан «Барыс» алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасы аясында Беларусь елінің «Динамосымен» кездескен болатын. Минск қаласында өткен матчта алаң иелері басымдықты өз қолдарына алып, 3 кезең бойы шабуылдаумен болды. Нәтижесінде, Крис Тирни  35-ші минутта есеп ашты. Артынша «Барыс» сапындағы Әлихан Өмірбеков таблодағы нәтижені теңестірді. Ал, оның командаласы Кирилл Панюков матчтың аяқталуына 30 секунд қалғанда мергендігімен көзге түсіп, жеңісті жұлып алды. Астаналық команда келесі кездесуін де сырт алаңда өткізеді. Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын жігіттер бұл жолы «Сібір» хоккей клубымен жолығады. Айта кетейік, соңғы жылдары жолы болмай, сәтсіздіктен көз ашпай қойған «Барыстың» бас директоры жуырда ғана отставкаға кеткен болатын. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал бас бапкер қызметіне Ғалым Мәмбетәлиев келді және ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, осы ойынға жергілікті ойыншыларды көбірек шығарды.

Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз ақпан айында кездеседі. Қос мықты Эр-Рияд қаласында Джошуа мен Дюбуаның реваншы аясында жолығуы мүмкін. Бұл жөнінде Top Rank промоутерлік компаниясының басшысы Боб Арум мәлімдеді. Айта кетейік, Бүкіләлемдік бокс ұйымы қазақстандық және британиялық былғары қолғап шеберлерін жұдырықтасуға міндеттеді. Яғни Жәнібек WBO тұжырымы бойынша чемпиондық атағын қорғауы қажет. Сәйкесінше, екеуінің менеджерлеріне келісім жасасу үшін 15 тәулік уақыт берді. Ұлыбританиялық Хамза Шираз WBO және WBC тұжырымдары бойынша әлемдік рейтингте бірінші тұр. Ол бүгінге дейін 25 кездесу өткізіп, бірде-бір рет жеңілмеген. 21 кездесуді уақытынан бұрын аяқтаған. Жәнібектің көрсеткіші 16 жекпе-жек, 16 жеңіс. Жерлесіміз WBO мен IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Ол бірер апта бұрын Сидней қаласында жаңазеландиялық Андрей Михайловичті нокаутпен ұтты. Соның арқасында, чемпиондық атақтарын қорғап қалды.

Әбілхан әуесқой боксқа оралады. Кәсіпқой бокста өнер көрсеткен қазақстандық Әбілқан Аманқұл қазір ұлттық құрамамен бірге жаттығып жатыр. «Кәсіпқой бокста бағымды сынап көрдім. Бірақ жекпе-жектер болған жоқ. Бір жарым жылдай шаршы алаңға шықпадым. Десе де дайындықты жалғастыра бердім. Қазір ұлттық құрамамен жаттығуға кірістім. Желтоқсан айында Қазақстан чемпионатында бақ сынап көргім келеді», деді Әбілхан Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында. Еске сала кетейік, 27 жастағы Әбілхан 2017 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал 2018 жылы Азия ойындарында да күміс жүлдеге, Азия чемпионатында қола жүлдеге қол созды. 2022 жылдан бастап кәсіпқой бокста ауысқан болатын. Ол жақта 5 жекпе-жек өткізді. Оның 4-еуі нокаутпен жеңді. Бір айқас тең нәтижемен аяқталды.

Бірер күннен кейін «Қазақстан барысы» анықталады. Қазақ күресі бойынша республикалық жарыс 26-шы қазанда өтеді деп жоспарланып отыр. Яғни ерекшелігі сол биылғы бәсеке алдағы республика күніне орай ұйымдастырлады. Айтулы додаға бас-аяғы 43 палуан қатысады. Олар аймақтардағы арнайы іріктеуге қатысып, жеңіске жеткен болатын. Енді Астана төрінде, нақтырақ айтқанда, Астанадағы «Барыс аренада» өзара мықтыны анықтайды. Еске сала кетейік, былтырғы турнирдің финалына  маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов пен қорғаныс министрлігі спорт комитетінің өкілі, яғни, армиялық спортшы  Ғалымжан Қырықбай шыққан еді. Нәтижесінде Ғалымжан жеңіске жетіп, "Алтын белбеу" сыйлығын жеңіп алды. Бұған қоса 25 миллион теңге көлеміндегі сыйақы алды.