Асық атудан Жетісу облысының чемпионаты өтті
Талдықорғанда асық атудан Жетісу облысының чемпионаты өтті, деп хабарлайды 24KZ. Ұлттық спорт бәсекесіне аудан-қалалардағы іріктеуден өткен 25 спортшы қатысты. Олар олимпиадалық жүйе бойынша өзара үздікті анықтады.
Чемпионатқа қатысушылардың ішінде жасы ең үлкені – Әділбек Ырысдәулетов. Ақсу ауданының 48 жастағы тұрғыны мал дәрігері боп еңбек етеді. Ұстаздар арасындағы республикалық турнирдің жүлдегері өңірлік додада да осалдық танытпады.
Әділбек Ырысдәулетов, чемпионатқа қатысушы:
- Асық бала кезден бойыма сіңіп, ұлттық ойынды жақсы көргенім сол. Асық атуды мақсат тұтып, менің әлемім болып кеткен ғой. Асық деген мергендікті, мына шеберлікті талап етеді. Бүкіл дене, белге жүктеме, аяққа деген жүктеме, көздеу, қол мергендігіңіз бар. Осы ең жоғарғы спорт осы асық негізі. Қазақтың спорты ішіндегі.
Ұлттық спортты жанына серік еткендер 7 минуттан үш ойын өткізді. Мергендігімен қарсыласын қапы қалдырғандар келесі кезеңге шықты.
Бақытжан Мұқанов, чемпионаттың бас төрешісі:
- Асық ату спортына қызығушылар саны артып келе жатыр. Былтыр, алдыңғы жылдарға қарағанда саны өсіп, жарыстарымыз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл ұлттық ойынымыз дамып келе жатқанын білдіреді.
25 ойыншының арасынан Шоқан ауылынан келген Жасұлан Әбдірахманов жеңімпаз атанды. Балаларды ұлттық ойынға баулып жүрген бапкер финалда өзінің шәкіртінен басым түсті.
Жасұлан Әбдірахманов, чемпионатқа қатысушы:
- Жетістікке жеткен себебім, мен ертеңгісін бір топпен жұмыс жасаймын. 1,5 сағат. Сол балалармен ойнаймын. Түстен кейін 1,5 сағат, кешке үлкендермен 3-4 сағат ойнаймын. Соның арқасында еңбектеніп, жеңіске жеттім.
Жеңіс тұғырына көтерілген екі ойыншы Қазақстан чемпионатында өнер көрсетеді. Бас жүлдеге жеңіл көлік тігілген байрақты бәсеке республика күніне орай Астанада өтеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.