Талдықорғанда бокстан халықаралық турнир басталды
3 елдің үздіктері Жетісуда бас қосты, деп хабарлайды 24kz.
Талдықорған қаласында бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. «Жетісу кубогы» деп аталатын байрақты бәсекеге 200-ге жуық жас спортшы жиналды. Еліміздің әр аймағынан және Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген саңлақтар 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды. «Осымен 21-ші рет ұйымдастырылып отырған дода жастардың тәжірбиесін арттырып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Жарыстың өзі 4 күнге созылады. Оның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталады. Бұған қоса, «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ беріледі.
Жандос Еренбай, жарысқа қатысушы:
- Мен бокспен 11 жыл бойы айналысып келе жатырмын. 11 жылдың ішінде спорт шеберіне үміткер алдым. Жетісу облысының чемпионымын. Осы өтіп жатқан жарыста 67 келіде өнер көрсетем.
Ермек Сүйеніш, жарыстың бас төрешісі:
- Осы турнирда біз жаңағы өзіміздің боксшыларымызды тексеріп көріп, ішінен мықтыларын ҚР чемпионатына апарамыз.
Алдағы сенбі күні «Қазақстан барысы» анықталады
Қазақ күресі бойынша республикалық турнирдің финалдық кезеңі «Барыс Аренада» ұйымдастырылады. Биылғы жарысқа 42 түйе плуан қатысады. Жеңіске жеткені 15 млн теңге сыйақы алады.
Зарина Диас рейтингте жоғарылады
Зарина Диас 109 сатыға жоғарылады. Ұзақ үзілістен кейін кордқа қайта оралып, халықаралық турнирде топ жарған қазақстандық теннисші әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартты. Ол қазір 109 сатыға көтеріліп, әйелдер теннисі қауымдастығының жаңартылған тізімінде 379-шы орында тұр.
Айта кетейік, Зарина жарақатына байланысты 2 жылдай жарыстарға қатыспады. Жуырда ғана Түркиядағы турнирде бақ сынап, ә дегеннен бас жүлдені жеңіп алды. Іріктеу кезеңдерінде румыниялық, германиялық, түркиялық және ресейлік спортшыларды ұтты. Ал, финалда Беларусь өкілі Алена Фалейден басым түсті. Енді Зарина алдағы қараша айда, нақтырақ айтқанда, 16 және 17 қараша күндері Астанада өтетін командалық әлем чемпионгатына қатысып, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғайды. Билли Джин Кинг кубогының топтық кезеңі аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Оңтүстік Корея командасымен жолығады.
Албанияда жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр
Ширек финалдан аса алмай жарымыз. Албания астанасы Тирана қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Алғашқы жарыс күндері грек-рим күресі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Бірақ өкінішке орай, жүлдегерлер қатарында жерлестеріміз жоқ. Қазақстандық спортшылар арасынан 55 келідегі Ербол Камалиев қана ширек финалға дейін жетіп, соңғы белдесуінде үндістандық палуаннан ұтылды. 97 келідегі Бейбіт Қорғанов жұбаныш белдесуіне қатысуға мүмкіндік алды. Бірақ оны ұтымды пайдаланбады. Германия палуанына есе жіберді. 87 келідегі Бағлан Қуаныш та осындай мүмкіндікке болды болды. Енді ол бүгін жұбаныш белдесуінде бақ сынайды.
Айта кетейік, грек-рим күресі бойынша бас-аяғы 10 спортшымыз бозкілемге шықты. Енді алдағы күндері әйелдер күресі және еркін күрес бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Черногорияда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты басталды
Бүгін 4 боксшымыз шаршы алаңға шығады. Черногорияның Будва қаласында бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеге 73 елден 600-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың арасында қазақстандық қыз-жігіттер де бар. Кеше кешкісін дүниежүзідік доданың ресми ашылу салтанаты өтті және көк байрағымызды команда капитаны Төрехан Сабырхан ұстап шықты. Ал, бүгін негізгі жарыс басталады. Ұлдар арасында 60 келідегі Алексей Хаванцев пен 86 келідегі Бақытжан Айтмұханов алғашқы кездесулерін өткізеді. Қарсыластарды, сәйкесінше, Қырғызстан және Болгария елдерінің өкілдері. Ал, қыздар арасында Аружан Жаңғарбаева және Толғанай Қасымхан рингке шығады. Аружан ресейлік, Тоғанай венгриялық боксшымен жұдырықтасады.
Айта кету керек, әлем чемпионаты ұлдар арасында 13, қыздар арасында 12 салмақ бойынша өтеді. Жарыстың жалпы қорытындысы 4 қарашада белгілі болады.